Жамбыл облысында Тексеру комиссиясының 15 жылдығы аталып өтті

    1 / 10
    Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірлік Тексеру комиссиясының құрылғанына 15 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
    Мерейтойлық жиында өңір басшысы Тексеру комиссиясының ұжымын айтулы датамен құттықтап, мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау саласындағы еңбектеріне жоғары баға берді.
    Өз сөзінде Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысы бойынша Тексеру комиссиясы сыртқы мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылауды жүзеге асыратын тиімді әрі кәсіби орган ретінде қалыптасқанын атап өтті.
    – Бүгінгі таңда мемлекеттік аудиттің міндеті – тек бұзушылықтарды анықтау емес, олардың қайталануына жол бермеу және бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру. Осы бағытта Жамбыл облысы бойынша Тексеру комиссиясы жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді, – деді облыс әкімі.
    Соңғы үш жылда Тексеру комиссиясы 16 ауқымды аудиторлық және сараптамалық-талдау іс-шарасын өткізіп, оның барысында 117 мемлекеттік аудит объектісін қамтыған.
    Комиссияның материалдық-техникалық базасын нығайтуға да жергілікті бюджет есебінен тиісті қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, соңғы үш жылда қызметтік автокөлік базасы екі жаңа көлікпен толықты. Сонымен қатар мемлекеттік аудиторлардың іссапар шығындарын өтеу, еңбекақы төлеу және біліктілігін арттыру бағыттарында жергілікті атқарушы орган тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп келеді.
    Өңір басшысы мемлекеттік аудит органдарының жұмысы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды екеніне назар аударды.
    – Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен экономика мен әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған ауқымды міндеттер жүзеге асырылуда. Осы орайда мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың рөлі арта түсуде. Мемлекеттік қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету, қаржылық тәртіпті нығайту – аудит органдарының негізгі міндеттерінің бірі. Осы айтулы мерейтой күні Сіздерге – Тексеру комиссиясының барша қызметкеріне зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! – деді Ербол Қарашөкеев.
    Салтанатты жиынға республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің 2003-2012 жылдардағы төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, мемлекет қайраткері Омархан Өксікбаев, Жоғары аудиторлық палатаның департамент директорының орынбасары Ақбаян Әлімбаева және өзге де қонақтар қатысты.
    Шара барысында сала дамуына елеулі үлес қосқан 20-ға жуық азаматтың еңбегі еленіп, арнайы марапаттар табысталды. Кеш концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысының әкімдігі" жаңалықтары