1 / 9
Жамбыл облысында биыл 10,4 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілді. Нәтижесінде өңірде аталған технологиялар қолданылатын алқаптардың жалпы көлемі 76,8 мың гектарға жетті. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев мәлімдеді.
Биыл облыстағы егіс алқаптарының жалпы көлемі 654,9 мың гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 мың гектарға артық. Оның 200,4 мың гектары суармалы жерлерге тиесілі.
Жалпы суармалы алқаптың 112 мың гектары нақты сумен қамтылды.
Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарынан 3,6 миллион тоннаға жуық өнім алу жоспарланған. Оның 2,1 миллион тоннасы суармалы жерлерде өсірілетін басым дақылдарға тиесілі.
Су ресурстарын ұтымды пайдалану мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары да қарқын алуда. Қазіргі таңда мұндай технологиялар 76,8 мың гектар алқапқа енгізілген. Оның 10,4 мың гектары биыл игерілді. Атап айтқанда, 8,2 мың гектарда тамшылатып суару, 750 гектарда жаңбырлатып суару жүйелері қолданылып, 1,5 мың гектар жер лазерлік тегістеуден өтті.
Суару инфрақұрылымын жаңғыртуға да басымдық берілуде. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен жалпы құны 5,5 миллиард теңгені құрайтын алты каналды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның бесеуі Жуалы ауданында, біреуі Қордай ауданында орналасқан. Жөнделуі жоспарланған 43,23 шақырым каналдың 10,7 шақырымында жұмыстар аяқталған.
Сонымен қатар «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы Ислам даму банкі мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің бағдарламалары аясында суару желілерін қайта жаңғыртуда. Екі бағдарлама бойынша барлығы 105 каналды жаңарту көзделген.
Ислам даму банкі желісі бойынша 65 каналды қайта жаңғырту жоспарланған. Қазіргі уақытта 40 нысанда жұмыс жүргізілуде. 2027 жылғы вегетациялық кезең басталғанға дейін 27 каналды пайдалануға беру көзделген.
Ал Еуропалық қайта құру және даму банкінің бағдарламасы аясында 40 канал жаңғыртылмақ. Бүгінде 16 нысанда жұмыс жүріп жатыр. Келесі вегетациялық кезеңге дейін 24 каналды қайта жаңғырту жоспарланған. Екі бағдарлама бойынша құрылыс жұмыстарына 329 техника мен 729 жұмысшы жұмылдырылған.









