Алматыда ислам әлемінің мәдени мұрасын сақтау мәселелеріне арналған ІІ өңірлік семинар аяқталды.
Жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның мемлекеттік органдарының өкілдері мен мәдени мұраны қорғау жөніндегі сарапшылар қатысты.
Үш күн бойы қатысушылар материалдық және материалдық емес мәдени мұраны сақтау, нысандарды Ислам әлемінің мұра тізіміне ұсынуға қажетті құжаттарды әзірлеу, оларды есепке алу және басқару мәселелерін талқылады. Сондай-ақ мәдени мұраны қорғаудың халықаралық тәжірибесі мен оны іс жүзінде қолдану жолдарын қарастырды.
Іс-шараның жабылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов мәдени мұраны сақтау мен насихаттауда өңір елдерінің ынтымақтастығы маңызды екенін жеткізді.
«Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның тарихи және мәдени байланыстары терең. Сондықтан осы мұраны бірлесіп зерттеу, сақтау және халықаралық деңгейде таныту бағытындағы жұмыстардың маңызы зор.Түркістанның 2027 жылы ислам әлемінің мәдени астанасы атануының мәні айрықша. Бұл ИСЕСКО-мен ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытуға жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді вице-министр.
ИСЕСКО-ның бас директоры Сәлім әл-Мәлік семинарды ұйымдастырғаны үшін Қазақстанға алғыс білдіріп, мәдени мұраны сақтау бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін растады.
Семинар қорытындысында қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Алғашқы өңірлік семинар Бакуде өткен болатын. Алматыдағы екінші жиын өңір елдерінің мамандары арасындағы байланысты нығайтып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









