Париж, 2026 жылғы 3 қараша – Қазақстанның Франциядағы Елшілігі, Ұлттық экономика министрлігі, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ және Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы өкілдерінен құралған қазақстандық делегация оныншы Paris Infra Week халықаралық инфрақұрылым форумына, сондай-ақ Орталық Азияның көлік-логистикалық және инвестициялық әлеуетіне арналған арнайы сессияға қатысты.
Іс- шарада алғы сөз сөйлеген Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған елдің көлік-транзит әлеуетін дамытудың басым маңызына тоқталды. Елші Қазақстанның стратегиялық міндеті – Азия мен Еуропа арасындағы транзитті қамтамасыз етіп қана қоймай, инвестиция, өнеркәсіпті дамыту және өндірісті локализациялау үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын Еуразияның жетекші логистикалық орталықтарының біріне айналу екенін атап өтті.
Осыған байланысты Елші Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға және оны еуропалық Global Gateway бастамасымен ұштастыруға ерекше назар аударып, Қазақстанның еуропалық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге және капиталды, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетіктері арқылы тартуға мүдделі екенін жеткізді.
«Қазақстандық МЖӘ орталығы» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Айдос Көбетов МЖӘ тетіктері арқылы іске асырылатын қазақстандық көлік және инфрақұрылым жобаларының портфелін таныстырды.
Ол Қазақстанда қолданылатын инвесторларды қорғау құралдарына, соның ішінде халықаралық арбитражға жүгіну мүмкіндігіне, валюталық тәуекелдерді өтеу тетіктеріне және мемлекеттік қоса қаржыландыруға егжей-тегжейлі тоқталды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің тиімділігі бірқатар инфрақұрылым жобаларының табысты іске асырылуымен дәлелденгені атап өтілді. Сөзінің соңында Айдос Көбетов француз компаниялары мен халықаралық инвесторларды ынтымақтастыққа және Қазақстандағы перспективалы жобаларды іске асыруға қатысуға шақырды.
Форум аясында қазақстандық делегация Францияның мемлекеттік органдары, қаржы институттары және іскер топтары өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулерде өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту перспективалары, инвестиция тарту және Қазақстандағы инфрақұрылым жобаларын іске асыруда француз серіктестерінің сараптамалық әлеуетін пайдалану мүмкіндіктері талқыланды.
Орталық Азияға арналған арнайы сессияны француздық Expertise France агенттігі Herbert Smith Freehills Kramer халықаралық заң фирмасымен бірлесіп, Еуропалық одақтың Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) әлеуетін дамыту бағдарламасы аясында ұйымдастырды.
Paris Infra Week – инфрақұрылымға инвестиция салу, көліктік байланысты дамыту және жеке капитал тарту мәселелерін талқылауға арналған жетекші халықаралық алаңдардың бірі. 2026 жылы форум 2–6 қараша аралығында оныншы рет өтуде.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







