Бүгін, 5 қарашада Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Бейнеу көпбейінді орталық аудандық ауруханасында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстарымен танысты. Өңір басшысы құрылыс барысын тексеріп, атқарылған жұмыстардың сапасы мен нысанды пайдалануға беру мерзіміне қатысты мәселелерді қарады.
1981 жылы салынған аурухана ғимаратының жалпы көлемі 54 146 шаршы метр. Өткен жылы басталған күрделі жөндеу жұмыстары аясында нысандағы 11 блоктың алтауында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта негізгі А1 блогындағы жұмыстар 97 пайызға, А блогындағы жұмыстар 84 пайызға орындалған. Ал К және L блоктарында құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі 70 пайыз. Аталған блоктарда инженерлік желілерді тарту және қасбетті әрлеу жұмыстары аяқталған. Қазір ішкі әрлеу, плитка төсеу және сылақ жұмыстары жалғасуда.
Жоспарға сәйкес, негізгі А және А1 блоктарын қараша айының соңында пайдалануға беру көзделіп отыр. Қалған блоктарды 2027 жылдың бірінші тоқсанында қолданысқа беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар аурухананың барлық блоктары орталықтандырылған су және кәріз жүйесіне қосылған. Жылу қазандығын монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Аумақты абаттандыру аясында бордюрлер орнатылып, брусчатка төселуде. Сондай-ақ 29 жарық шамы орнатылып, 38 түп туя ағашы егілген.
Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін аурухана заманауи талаптарға сай көпбейінді медициналық ұйым ретінде қызмет көрсетеді. Медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында мекеменің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жаңа диагностикалық мүмкіндіктер қарастырылуда.
Атап айтқанда, ауруханада магниттік-резонанстық томография (МРТ) кабинетін орналастыруға дайындық жүргізілуде. Бұған дейін асханаға қатынау үшін пайдаланылған жерасты өткелі де медициналық мақсатқа бейімделмек. Бұл пациенттердің ғимараттан сыртқа шықпай-ақ МРТ, компьютерлік томография (КТ), рентген және басқа да диагностикалық тексерулерден өтуіне мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, палаталар заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, пациенттердің жағдайын тұрақты бақылауға арналған жүйелер орнатылады. Сондай-ақ палаталар бейнебақылау камераларымен жабдықталады.
Нысанды аралау барысында облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына баса назар аударып, барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар инженерлік жүйелерді сапалы орнату, заманауи медициналық талаптарды сақтау және аурухананың алдағы уақытта тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









