Қанат Бозымбаев Маңғыстау облысында инфрақұрылымды жаңғырту жобаларының іске асырылу барысын тексерді

    1 / 12

    Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында сумен жабдықтау, энергетика және коммуналдық инфрақұрылым нысандарын аралап, жаңғырту жобаларының іске асырылу барысымен танысты. Сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңес өткізді.

    Сапар барысында халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Қанат Бозымбаев «Каспий» су тұщыту зауытының жұмысымен танысты. 2025 жылы жүргізілген кеңейту жұмыстарының нәтижесінде кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 40 мың текше метрге дейін артты. Зауыт Ақтау қаласының жоғарғы шағынаудандарын, сондай-ақ Мұнайлы және Қарақия аудандарының елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз етеді.

    Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі. Бұл Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының (МАЭК) тұрақты жұмысына қауіп төндіруде. Осыған байланысты ЖЭО-1 және ЖЭО-2 су қабылдау арналарын тереңдету және ұзарту жобалары жүзеге асырылып жатыр. Вице-премьер аталған жұмыстардың барысымен танысты. Жобалар Ақтау қаласын электр және жылу энергиясымен қамтамасыз ететін комбинатқа өндірістік қажеттіліктер үшін теңіз суының үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуге бағытталған.

    Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары «Каспий жылу, су арнасы» кәсіпорнында қаралды. Кәсіпорын теңгеріміндегі жылу желілерінің тозу деңгейі 65%, су құбыры желілерінде – 58%, кәріз желілерінде 69% құрайды.

    «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы (МЭКС) аясында Ақтау қаласының 4 және 5-шағынаудандарында 41 шақырымнан астам жылу желісін қайта жаңарту көзделген. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны шамамен 21,8 млрд теңгені құрайды. Жобаларды 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар инженерлік желілердің жұмысын 63 бақылау нүктесінде қадағалауға мүмкіндік беретін цифрлық диспетчерлендіру жүйесі енгізілуде.

    Жылумен жабдықтау мәселелері аясында Қанат Бозымбаев Ақтау қаласының алты шағынауданына арналған жаңа аудандық қазандық жобасымен танысты. Қазіргі уақытта қаладағы жылу қуатының тапшылығы сағатына 130 Гкал құрайды. Құны 48 млрд теңге болатын жоба қаланың өсіп келе жатқан жылу қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған.

    Электрмен жабдықтау инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да назардан тыс қалмады. Вице-премьер «Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы» АҚ-да болып, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысты. 2012–2026 жылдары кәсіпорын электр желілерін жаңартуға 63,5 млрд теңге бағыттаған. Осы кезеңде 60 қосалқы станса жаңғыртылып, бес жаңа станса салынды және 273 шақырым электр жеткізу желісі тартылды. Ұлттық жоба аясында электр желілерін қайта жаңартуға арналған тағы екі жоба келісілген.

    Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері жөнінде кеңес өтті.

    Кеңесте өңір экономикасын әртараптандыру және тұрақты өсуді қамтамасыз ету мақсатында әзірленген Мастер-жоспар қаралды. Құжат логистика, өнеркәсіп, теңіз инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы, туризм және әлеуметтік салаларда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды көздейді.

    Қатысушылар Мастер-жоспардың негізгі бағыттарын, ұсынылған жобалардың экономикалық негізділігін және оларды іске асыру тетіктерін талқылады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының әкімдігі" жаңалықтары