Атырауда су бұру жүйесін дамыту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Жол картасы бекітіліп, облыс әкімінің орынбасары жетекшілік ететін жұмыс тобы құрылды.
Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Болат Ақшолақовтың төрағалығымен жиналыс өтіп, онда жаңадан желілер жүргізу, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту және қосымша қаржыландыру көздерін тарту мәселелері талқыланды.
«Атырау облысы Су Арнасы» КМК басшысы Мейірім Қалауи мәлім еткендей, 2027 жылы жеті жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Кәріз желілері Мирас, Геолог, Жұлдыз және Береке шағынаудандарында, Еркінқала ауылдық округі бағытындағы аумақта салынады.
Ал 2028 жылы кәріз желілерінің құрылысы Балауса, Нұрсая және Лесхоз шағынаудандарын, ет комбинаты, Құрсай, Химзавод және Көкарнаны қамтиды. Су бұру жүйесін дамытудың одан кейінгі кезеңдерінде Мұнайшы, СМП-136 және СМП-163 шағынаудандары, Талғайран ауылының бағыты және “Ерік Мостовой” арнасының бойы тұр.
Облыс әкімі жұмыс істеп тұрған кәріз-сорғы станцияларын жаңғыртуды жалғастыру керегін атап өтті. Ол су бұру жүйесі үздіксіз жұмыс істеуі үшін қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту мен жаңа желілердің құрылысын синхрондау керегін айтты.
Бағдарлама аясында кәріз желілері мен құдықтарға төлқұжат жасалмақ. Мамандар олардың орналасқан жерін, техникалық параметрлерін және жай-күйін нақтылайды. Бұл инфрақұрылымның өзекті базасын қалыптастыруға және бірінші кезекте жөнделетін немесе қайта жаңартылатын учаскелерді анықтауға мүмкіндік береді.
Дренаж жүйесін дамытуға және жерасты суларының деңгейін реттеуге ерекше назар аударылады. Облыс әкімі мамандарға гидрогеологтармен бірлесіп, архив деректерін және Астананың дренаж жүйелерін салу мен пайдаланудағы тәжірибесін зерделеуді, тиімді техникалық шешімдерді Атыраудың жағдайына бейімдеудің мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Бұл су баспас үшін және топырақтың шамадан тыс құрғамауы үшін керек.
Өңір басшысы су бұру жүйесін дамыту кешеуілдетуге болмайтын стратегиялық міндет екенін атап айтты. Мәселенің өзектілігін ескергенде, бағдарламаны іске асыру үшін бес жыл тым ұзақ болуы мүмкін. Осыған байланысты қосымша қаржыландыру механизмдерін, соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жеке инвесторлар тарту, сондай-ақ халықаралық даму институттарынан ұзақ мерзімді қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыру жүктелді. Бұл құрылысты жылдамдатуға және өңір бюджетіне түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді.
“Бүгінде Атырауда орталықтандырылған су бұру жүйесін салуға қатысты тиісті шешімнің барлығы қабылданды. Жобалық құжаттаманы ыждағаттап дайындап, жауапты мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын және жоспарланған іс-шаралардың уақытында іске асырылуын қамтамасыз ету қажет”, — деді Болат Ақшолақов.









