МКК тоғыз айдың қорытындысын шығарып, трансформацияның басым бағыттарын айқындады

    1 / 7

    2026 жылғы 30 қазанда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде Жандос Дүйсембиевтің төрағалығымен аумақтық департаменттер басшыларының қатысуымен кеңейтілген алқа отырысы өтті.

    Отырыс барысында тоғыз айдағы жұмыс қорытындылары мен жыл соңына дейінгі міндеттер қаралды. Оның ішінде мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және бизнес үшін әкімшілік кедергілерді жою мәселелеріне ерекше назар аударылды.

    Тоғыз айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 19,3 трлн теңге түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,2%-ға немесе 3 трлн теңгеге артық.

    Республикалық бюджетке 13 трлн теңге түсті. Өсім 30,3%-ды немесе 3 трлн теңгені құрады.

    Комитет төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында бірқатар міндеттер қойды.

    Президент белгілеген бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту, көлік-логистикалық әлеуетті нығайту және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру жөніндегі басымдықтар Мемлекеттік кірістер органдарын трансформациялаудың 2026–2028 жылдарға арналған жоспарын іске асыруда көрініс табуда. Комитет үлкен деректер негізінде салық төлеушілермен өзара іс-қимыл жасаудың сервистік моделін жүйелі түрде дамытып келеді.

    Негізгі бағыттардың бірі – Фискалдық деректер фабрикасын қалыптастыру. Аналитиканы дамыту және жасанды интеллектіні енгізу тәуекелдерді анықтау дәлдігін арттыруға, процестерді автоматтандыруға және артық бақылау шараларын қысқартуға бағытталған. Бұл өз кезегінде бизнестің әкімшілік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

    Алқа отырысында технологиялық өзгерістер салық төлеушілермен өзара іс-қимыл сапасын арттырумен қатар жүруі тиіс екені атап өтілді. Кәсіпкерлердің бұған дейін бизнес-қоғамдастықпен өткен дөңгелек үстелде көтерген мәселелерін ескере отырып, бақылау іс-шараларын жүргізу кезінде алдын ала түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды. Салық төлеушілер қойылатын талаптар мен қателерді ерікті түрде түзету мүмкіндіктері туралы түсінікті ақпаратты алдын ала алуы тиіс.

    Салықтық әкімшілендіру саласында кедергісіз салық салу, қызметтердің уақтылығы мен сапасы, сондай-ақ талаптарды түсінікті түрде түсіндіру басым бағыттар ретінде айқындалды. Кеден саласында кедендік рәсімдердің болжамдылығын арттыру, тауарлардың үздіксіз қозғалысына жағдай жасау және олардың негізсіз кідіртілуіне жол бермеу тапсырылды. Бұл жұмыс шекаралық өткізу пункттерінің тиімділігін арттыруға және Мемлекет басшысы қойған елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту міндеттерін іске асыруға бағытталған.

    Сонымен қатар әр өңірде бизнес өкілдерімен және халықпен тікелей диалог жалғасады. Келіп түсетін кері байланыс жұмысты жетілдіру үшін пайдаланылатын болады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті" жаңалықтары