Сеулде Қазақстанның Республика күніне орай салтанатты қабылдау өтті

    1 / 15

    Сеул, 2026 жылғы 28 қазан, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігі ұлттық мереке – Республика күніне орай салтанатты қабылдау ұйымдастырды.

    Іс-шараға 300-ден астам қонақ, соның ішінде Корея Республикасының Үкіметі мен Ұлттық ассамблеясының, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, іскерлік және академиялық топтардың өкілдері, сондай-ақ осы елде тұратын қазақстандықтар қатысты.

    Корея Республикасының Үкіметі атынан құрметті қонақ ретінде Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрі, Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Корея үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Ким Чжон Гван қатысты.

    Салтанатты бөлім Baekseok және Seoul Cyber университеттерінің профессорлары, опера әншілерінің орындауындағы мемлекеттік әнұрандармен ашылды. Қазақстанның мемлекеттік әнұранының кореялық вокалистің орындауында шырқалуы екі халық арасындағы достық пен мәдени жақындасудың жарқын нышанына айналды.

    Елші Асет Исенали қонақтарға Қазақстанның маңызды жетістіктері мен жоспарлары туралы айтып өтіп, сол күні өткен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі тұстарымен таныстырды. Осы тұрғыда кореялық әріптестермен өзара іс-қимылды кеңейту және перспективалы салаларда тәжірибе алмасу мүмкіндіктеріне айрықша назар аударылды.

    Сондай-ақ қазақ дипломаты Қазақстан Президентінің 2026 жылғы қыркүйекте Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапарының негізгі қорытындылары мен түрлі салалардағы екіжақты әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған уағдаластықтарға тоқталды.

    Ресми бөлімнің ерекше сәті Қазақстан Республикасының Президенті атынан Министр Ким Чжон Гванға мемлекеттік награда – II дәрежелі «Достық» орденін табыстау болды.

    Өз сөзінде Министр жоғары марапат үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды атап өтті. Ол сирек кездесетін және аса маңызды металдар, энергетика, өнеркәсіп, инфрақұрылым, жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және ақылды қалалар салаларындағы ынтымақтастық перспективалары туралы сөз қозғады.

    Қабылдаудың мәдени бағдарламасы қонақтарға қазақ халқының дәстүрлері мен мұрасын жақынырақ таныстырды. Арнайы ұйымдастырылған алаңда тоғызқұмалақ пен асық ату ұлттық ойындары ұсынылып, қазақтың халық әндері орындалды.

    Кештің ерекше нышандарының бірі қазақтың ұлттық киімін киіп, қонақтарды қарсы алған робот болды. Оның қатысуы Қазақстан-Корея әріптестігінің болашаққа бағдарланған сипатын және жасанды интеллект, робототехника мен заманауи технологиялар салаларындағы өзара іс-қимыл перспективаларын айқындайды.

    Кеш барысында қонақтар қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, Қазақстан және Қазақстан-Корея ынтымақтастығы туралы бейнематериалдарды тамашалады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Кореядағы Елшілігі" жаңалықтары