Ақтөбеде Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын табыстау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 20 қазандағы Жарлығына сәйкес, өңірдің мәдениет және өнер саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар азамат жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды.
Салтанатты рәсімде облыс әкімі Асхат Шахаров мәдениет саласы өкілдерінің өңірдің рухани өмірін дамытудағы, ұлттық өнер мен мәдени мұраны дәріптеудегі еңбегіне тоқталып, марапат иелерін құттықтады.
Атап айтқанда, «Парасат» орденімен Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармонияның Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов марапатталды.
«Құрмет» ордені облыстық «Алақай» қуыршақ театрының директоры Әсия Құрманалинаға табысталды.
Ал «Ерен еңбегі үшін» медалімен Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әртісі Кеңесбай Кемалбаев және Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармонияның «Аққу» би ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР мәдениет саласының үздігі Омар Мәмбетов марапатталды.
Марапаттар мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін берілді.









