Энергоминде отын-энергетика кешеніне арналған «Energy AI Kazakhstan» тұжырымдамасы таныстырылды

    1 / 5

    Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов отын-энергетика кешенінде жасанды интеллектіні қолдану мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Жиынға 01.AI компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Президентінің штаттан тыс кеңесшісі, доктор Кай-Фу Ли онлайн форматта, сондай-ақ Q.AI компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің өкілдері қатысты.

    Кеңес барысында саланың өндірістік және басқарушылық процестеріне жасанды интеллект технологияларын енгізуге арналған бірыңғай цифрлық ортаны қалыптастыруды көздейтін «Energy AI Kazakhstan» тұжырымдамасы таныстырылды.

    Кай-Фу Ли энергетика саласында жасанды интеллектіні қолдану жөніндегі компанияның тәсілдерін ұсынды. Қатысушылар ұсынылып отырған платформаның архитектурасымен, функционалдық мүмкіндіктерімен және оны Министрлік пен оған ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметінде қолдану сценарийлерімен танысты.

    Ұсынылған шешімдер қатарында отын тапшылығы тәуекелдерін алдын ала анықтау, есептілікті дайындау және тексеру процестерін автоматтандыру, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік мониторингі бар. Бұл құралдарды қолдану салалық деректерді талдау жеделдігін арттыруға және қабылданатын шешімдердің негізділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

    Энергетикалық нысандардың цифрлық егіздеріне ерекше назар аударылды. Мұндай құралдар өндірістік процестерді модельдеуге, жабдықтардың жай-күйін талдауға, ықтимал ауытқуларды анықтауға және техникалық шешімдер қабылданғанға дейін түрлі сценарийлердің салдарын бағалауға мүмкіндік береді.

    Ұсынылып отырған архитектура салалық білім базаларын, ақпараттық жүйелерді және нақты өндірістік әрі басқарушылық міндеттерді орындауға арналған мамандандырылған жасанды интеллект агенттерін біріктіреді.

    Тұжырымдаманың негізгі қағидаттарының бірі – Қазақстанның технологиялық және ақпараттық егемендігін қамтамасыз ету. Осыған сәйкес деректерді, есептеу инфрақұрылымын және салалық модельдерді Министрліктің бақылауымен еліміздің аумағында орналастыру көзделеді.

    Кеңес барысында бастаманы іске асырудың ықтимал кезеңдері де талқыланды. Атап айтқанда, нақты салалық деректер негізінде пилоттық сынақтар жүргізу, ұсынылған шешімдердің тиімділігін бағалау және саланың практикалық қажеттіліктерін қамтамасыз ететін құралдарды кейіннен ауқымдау мәселелері қаралды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі" жаңалықтары