Жоғары технологиялық геологиялық барлаудан газ химиясына дейін: Астанада Жолдауда аталған газ саласына қатысты тапсырмаларды іске асыру мәселелері талқыланды

    1 / 5

    Астанада «Energy Monitor» қоғамдық қоры ұйымдастырған Energy Trends: Gas & Petrochemicals сараптамалық алаңында Қазақстанның газ және мұнай-газ химиясы салаларын дамытудың практикалық тетіктері жан-жақты талқыланды.

    Талқылауға ҚР Энергетика министрлігінің, «QazaqGaz» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияларының өкілдері, жеке жер қойнауын пайдаланушылар мен сарапшылар қауымдастығы қатысты. Қатысушылар жаңа кен орындарын іздеу мен барлаудан бастап газды тасымалдауға және жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге дейінгі саланың бүкіл өндірістік тізбегін қарастырды.

    Кездесудің негізгі бағыты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру болды. Атап айтқанда, геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі жаңғырту, геологияны жоғары технологиялық салаға айналдыру, жер қойнауын зерттеуге жеке капитал тарту, сондай-ақ газ инфрақұрылымын дамыту және отандық экономиканың қажеттіліктері үшін шикізатты терең өңдеу мәселелеріне басымдық берілді.

    Сессияда сөз сөйлеген ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров газ саласының тұрақты дамуы мен өңірлерді сенімді газдандыру жер қойнауын сапалы зерттеу және геологиялық деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуден басталатынын атап өтті. Бүгінде республикадағы бекітілген алынатын газ қоры шамамен 4 трлн текше метрді құрайды. Оның жартысынан астамы – ілеспе мұнай газы. Тауарлық газдың жылдық өндірісі 27 млрд текше метрден астам деңгейде сақталып отыр. Сонымен қатар елді мекендерді газдандыру, экономиканың өсуі және өнеркәсіптік нысандарды экологиялық таза отынға көшіру есебінен ішкі тұтыну қарқынды өсуде. Ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 22,5 млрд текше метрден асады деп күтілуде.

    Шикізат базасы мен өңдеу қуаттарын қатар дамыту мақсатында жылына жалпы қуаты 9,4 млрд текше метр шикі газды өңдейтін төрт жаңа газ өңдеу зауытын іске қосу жоспарланған.

    «Геологиялық қорлардың болуы өздігінен жеткізуге дайын тауарлық газдың бар екенін білдірмейді. Ол үшін инвестициялар, заманауи технологиялар және инфрақұрылымды үйлесімді дамыту қажет. Әрбір жаңа зауыттың ұзақ мерзімді жүктемесін қамтамасыз ететін расталған шикізат көздері болуы тиіс. Сондықтан Энергетика министрлігі саланы 2030, 2035 және 2040 жылдарға дейінгі кезеңдерді қамтитын дамыту бағдарламасын әзірлеп жатыр. Бағдарламада жер қойнауын зерттеу, өндіру және өңдеу жұмыстары халық пен өнеркәсіптің келешектегі қажеттіліктерімен нақты үйлестіріледі», – деді ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров.

    Мемлекет басшысының жер қойнауын кешенді зерттеу жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Министрлік еліміздегі 15 шөгінді бассейннің ішінен аз зерттелген 11 бассейннің әлеуетін ашуға басымдық беріп отыр. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексте күрделі әрі тереңде орналасқан кен шоғырларын игеруге арналған преференциялар бекітілген. Сонымен қатар қолданыстағы жер қойнауын пайдаланушыларға жаңа аукциондар өткізбей-ақ, өз учаскелерінің шекарасын бес километр тереңдікке дейін кеңейту құқығы берілген. Көмір қабаттарындағы метанды қоса алғанда, дәстүрлі емес ресурстарды игеруге ынталандыру шаралары да пысықталуда. Бұдан бөлек, аукцион өткізу тәсілдері өзгертілуде. Енді төлем мөлшерімен қатар, ұзақ мерзімді геологиялық нәтиже де негізгі өлшемдердің біріне айналады. Оған жүргізілген зерттеулердің көлемі, алынған жаңа геологиялық деректердің сапасы және қорларды нақты игеруге дайындау деңгейі кіреді.

    Кездесудің модераторы әрі ұйымдастырушысы, «Energy Monitor» қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов өндіру мен өңдеу арасындағы өзара байланысты жоспарлаудың маңыздылығына назар аударды.

    «Газ және газ химиясы салалары бойынша мәселелерді өзара байланыстыра отырып, нақты талқылау қажет. Жаңа кәсіпорын салмас бұрын инвестор шикізаттың қайдан жеткізілетінін, оның құны қандай болатынын және ұзақ жылдар бойы жеткізілімнің қаншалықты сенімді болатынын нақты білуі керек. Ал газ өндіруші компания барлау мен өндіруге инвестиция салуы үшін кепілдендірілген сұраныс пен тиісті экономикалық жағдайларды түсінуі қажет. Кез келген жобаның табысты болуы оның ұзақ жылдар бойы бәсекеге қабілетті өнім өндіру мүмкіндігіне байланысты. Бұл ретте мемлекет пен бизнес бірлесіп жұмыс істеп, нақты практикалық шешімдер қабылдауы маңызды», - деп атап өтті Нұрлан Жұмағұлов.

    Кездесу барысында мұнай-газ химиясын тереңдетіп дамытуға және ірі зауыттардың айналасында шағын және орта бизнес экожүйесін қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Бұл – Президенттің Жолдауында арнайы атап өтілген міндеттердің бірі. 2023–2025 жылдары Қазақстанда мұнай-газ химиясы өнімдерінің өндірісі 73%-ға өсіп, 358,6 мың тоннадан 619,2 мың тоннаға жетті. Полиэтилен, бутадиен, газды бөлу және аммиак-карбамид кешендерін қоса алғанда, жаңа ірі өндірістер іске қосылып, жобалық қуатына шыққаннан кейін 2031 жылға қарай өнім көлемі жылына шамамен 2,9 млн тоннаға жетеді деп күтілуде. Бұл отандық кәсіпорындарды құрылыс материалдарын, құбырларды, қаптамаларды және медициналық бұйымдарды өндіруге қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған өнімдер елдегі инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ауқымды міндеттерді іске асыруда сұранысқа ие.

    Сондай-ақ кездесуге қатысушылар заңнамалық базаны жетілдіру мәселелерін, оның ішінде әзірленіп жатқан «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасын, сұйытылған табиғи газ бен газ мотор отыны нарығын реттеуді талқылады. Бұдан бөлек, 13 миллионнан астам қазақстандықты сенімді газбен қамтамасыз ету мақсатында газ тасымалдау жүйесі мен жерасты газ қоймаларын жаңғырту мәселелері қаралды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі" жаңалықтары