Астанада Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының (CNPC) президенті Чжоу Синьхуайдың екіжақты кездесуі өтті.
Тараптар мұнай-газ саласындағы Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективаларын, оның ішінде мұнай өңдеу қуаттарын кеңейту және газ-химия жобаларын дамыту мәселелерін қарастырды.
Ерлан Ақкенженов CNPC компаниясының 30 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі болып келе жатқанын атап өтті. Геологиялық барлау, көмірсутектерді өндіру, тасымалдау және өңдеу салаларындағы бірлескен жобалар ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Министр «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС (ПКОП) өндірістік қуаттарын кеңейту жобасына ерекше назар аударды. 2025 жылдың күзінде Мемлекет басшысының Қытайға сапары барысында тараптар Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін ұлғайту жобасын дербес бастама ретінде қарастыруға уағдаласқан болатын.
Жобаны іске асыру мұнай өңдеу көлемін едәуір арттыруға және отандық мұнай өңдеу саласының әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Кездесу барысында тараптар жобаның қазіргі жай-күйін және оны одан әрі ілгерілету жөніндегі келесі қадамдарды талқылады.
Кездесу барысында келісімшарттық міндеттемелердің орындалуы, ел ішіндегі құндылық үлесін арттыру және кадрлық әлеуетті дамыту мәселелері де қозғалды.
Тараптар нақты диалогты жалғастыруға және өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтуге, Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға бағытталған келісілген шешімдерді бірлесіп әзірлеуге мүдделілік білдірді.








