Media Energy Talks: энергетика саласы мен БАҚ арасындағы ашық диалог

    1 / 17

    Астанада Magynaly Business PR-агенттігінің ұйымдастыруымен және Энергетика министрлігінің қолдауымен «Ашық диалог. Нақты іс. Ортақ игілік» атты Media Energy Talks ұлттық медиафорумы өтті. Іс-шара мемлекеттік органдардың, мұнай-газ компанияларының, бұқаралық ақпарат құралдарының және сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктірді.

    Форумның басты тақырыбы мұнай-газ саласы, БАҚ және қоғам арасындағы ашық әрі кәсіби диалогты дамыту, сондай-ақ салаға деген қоғамдық сенімді нығайту болды.

    «Мұнай-газ саласы мен БАҚ арасындағы диалог — қоғам сенімін қалыптастырудың негізі» атты пленарлық сессияға Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов қатысты. Қатысушылар ашық коммуникацияның мұнай-газ саласы туралы қоғамда объективті көзқарас қалыптастырудағы рөлін талқылады.

    Вице-министр энергетика саласы Қазақстанда кәсіби әрі мықты салалық журналистиканы қалыптастырудың негізгі алаңдарының біріне айнала алатынын атап өтті. Оның айтуынша, энергетика саласының ерекшелігі экономикалық үдерістерді, күрделі технологиялық шешімдерді, геологиялық ерекшеліктерді және ұзақ мерзімді инвестициялық циклдерді терең түсінуді талап етеді.

    Форумның маңызды бағыттарының бірі салалық журналистерді даярлау мәселесі болды. Қазақстанның жетекші бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері жасанды интеллект пен әлеуметтік желілер дәуіріндегі кәсіби журналистиканың маңызын, сондай-ақ мұнай-газ тақырыбын жариялау сапасын арттыру мәселелерін талқылады.

    Форум аясында «Қазақстан мұнайының шежіресі: бастауынан болашаққа дейін» атты фотокөрме ұйымдастырылып, мұнайсервис, жергілікті қамту, отын нарығы және энергетика тақырыптарын кәсіби тұрғыдан жариялау мәселелеріне арналған шеберлік сабақтары өтті. Бағдарлама Қазақстандағы мұнай-газ химиясының қазіргі даму үрдістері мен перспективалары туралы қонақ дәрісімен аяқталды.

    Сондай-ақ мұнай-газ саласын ақпараттық тұрғыдан жариялауға қосқан үлесі үшін журналистер, сарапшылар мен серіктестер марапатталды.

    Media Energy Talks форумын өткізу мемлекет, бизнес және бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды дамытуға, салалық журналистиканың сапасын арттыруға және Қазақстанның мұнай-газ секторына деген қоғамдық сенімді нығайтуға бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі" жаңалықтары