Бүгін Семей қаласындағы Бейбітшілік аралындағы Рәміздер алаңында 25 қазан – Республика күніне арналған Мемлекеттік ту көтеру салтанаты өтті. Ұлттық мерекеге орай ұйымдастырылған патриоттық акцияға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, өңір жұртшылығын Республика күнімен құттықтады. Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, жастар, әскери қызметшілер мен қала тұрғындары жиналды.
Аймақ басшысы мерекенің тарихи маңызына тоқталып, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация еліміздің тәуелсіздік алуына құқықтық негіз қалағанын атап өтті.
«Еліміздегі Ұлық мереке 25 қазан – Республика күнімен және Мемлекеттік ту көтеру рәсімімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бүгін біз осы тарихи күнде «Абайға құрмет» акциясы аясында салынған алғашқы нысан – Солтүстік Қазақстан облысының Абай еліне тартуы Рәміздер алаңында жиналып отырмыз. Алаңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы желбіреген биіктігі 35 метрлік ту тұғыры бой көтеріп, Мемлекеттік Елтаңба мен Мемлекеттік Әнұранның мәтіні орнатылды. Биыл ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында орнатылған 35 метрлік ту тұғыр тарихқа тағзым, алаш аманатының орындалуы деп білеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей: «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат құндылығымыз. Оны сақтап, нығайта түсу – баршамызға ортақ қасиетті борыш». Бұл – әрбір азаматқа жүктелген үлкен жауапкершілік. Тәуелсіздігімізді нығайту, ел бірлігін сақтау және Отанымыздың игілігі жолында еңбек ету – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деді Берік Уәли.
Республика күніне орай Абай облысында патриоттық тәрбие мен ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған 150-ден астам іс-шара ұйымдастырылуда. Олардың қатарында салтанатты жиындар, мерекелік концерттер, дөңгелек үстелдер, зияткерлік ойындар мен спорттық жарыстар бар.
Ұлттық мереке қарсаңында өңірде бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар пайдалануға беріліп, маңызды жобалар жүзеге асырылды. Үржар ауданында заманауи бейнебақылау жүйесімен жабдықталған Жедел басқару орталығы ашылды. Бородулиха және Үржар аудандарына жаңа жедел жәрдем автокөліктері табысталды. Семей қаласында облыстық көпсалалы аурухананың құрылысы басталды.
Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жеті аудандағы кітапханалар жаңғыртылып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Абай атындағы кітапхананың көрермендер залы күрделі жөндеуден өтті. Аягөз ауданының Қопа ауылында заманауи спорт кешені ашылып, Бородулиха ауылындағы Достық үйі жаңартылды.
Ерекше атап өтерлігі, мереке қарсаңында, 20 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы Аягөз ауданындағы Ақтоғай мыс балқыту зауытыныңіргетасын қалау рәсіміне қатысып, ірі өндіріс орнының құрылысын бастауға рұқсат берді. Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған 35 кітаптан тұратын «Мирас» балалар кітаптары сериясының таныстырылымы өтті.
Мемлекеттік ту көтеру салтанаты мерекелік концертке ұласты. «Мәңгілік жаса, қыран елім – Қазақстан!» атты мерекелік концертте Қазақстанның Халық әртісі Өмірқұл Айниязов, әнші Ұшқын Жамалбек, «ETHNO ARLAN», «Семсер» топтары өнер көрсетіп, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.









