Абай облысының мектептеріне 10 жаңа автобус табысталды

    1 / 12

    Республика күні қарсаңында облыс әкімі Берік Уәли қалалар мен аудандардың мектептеріне жаңа автобустардың кілтін салтанатты түрде табыстау рәсіміне қатысты.

    Семей қаласындағы Қарағайлы ықшам ауданында өткен салтанатты рәсімде аймақ басшысы жиналғандарды Республика күнімен құттықтап, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды міндеттің бірі екенін атап өтті.

    «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде кітап оқитын ұлт қалыптастыруға, жас ұрпақтың білімге деген құштарлығын арттыруға ерекше мән беріліп келеді. Осы бағытта мектеп оқушыларының сапалы білім алуына жағдай жасау, олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және ой-өрісін кеңейту – ортақ міндетіміз. Сондықтан балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына, білімді де саналы азамат болып қалыптасуына барлық жағдай жасауымыз қажет. Ауылдық жерлер мен шалғай елді мекендерде тұратын балалардың мектепке қауіпсіз әрі қолайлы қатынауы үшін біз лизинг арқылы 50 мектеп автобусын сатып алдық. Бүгін облысымыздың қалалары мен аудандарына жаңа, заманауи әрі қауіпсіз 10 мектеп автобусының кілтін табыстаймыз. Қалған 40-ын желтоқсан айында беретін боламыз. Біздің мақсатымыз – ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндіктерін теңестіру. Әрбір бала қай жерде тұрса да, сапалы білімге қол жеткізуі тиіс», – деді Берік Уәли.

    Мұғалімдер мен ата-аналар жаңа автобустарға өз ризашылықтарын жеткізді.

    «Бүгін біз үшін өте қуанышты күн. Бұған дейін, әсіресе, қыс мезгілінде, дизель отынымен жүретін автобустармен оқушыларды тасымалдау кезінде бірқатар қиындықтар туындайтын. Енді жаңа автобустардың берілуі бұл мәселені шешуге үлкен септігін тигізеді. Бұл – мектеп ұжымы үшін ғана емес, ата-аналар мен Сарыарқа ауылының тұрғындары үшін де зор қуаныш. Ауыл тұрғындары да өз ризашылықтарын білдіріп жатыр. Жаңа автобустар оқушылардың қауіпсіз әрі жайлы қатынауына мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Жарма ауданы Т.Көбдіков атындағы орта мектебінің мұғалімі Қаламқас Ажимбетова.

    Жаңа автобустар отандық өндірістен шыққан, балаларды тасымалдауға арналған «ПАЗ-32053-70» маркалы шағын класты көліктер. Әр автобуста 23 жолаушыға арналған орын бар. Көліктер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті жабдықтармен қамтылған. Атап айтқанда, орындықтар төрт нүктелі қауіпсіздік белдіктерімен жабдықталған. Сондай-ақ, автобустарда пневматикалық тежеу жүйесі, жолаушылар салонын жылыту жүйесі, балалардың мінуі мен түсуін бақылауға мүмкіндік беретін жарықтандырылған есік ойықтары қарастырылған.

    Бұдан бөлек, автобустарға екі дәрі қобдишасы, екі өрт сөндіргіш, апаттық белгі, GPS жүйесі және бейнетіркеу құралдары орнатылған. Көліктер сары түске боялып, алдыңғы, артқы және бүйір бөліктеріне балаларды тасымалдауға қатысты арнайы белгілер мен жазулар орналастырылған. Жүргізушіге арналған белгі беру батырмасы да қарастырылған. Техникалық сипаттамаларға сәйкес, автобустардың ұзындығы – 6,9 метр, ені – 2,5 метр, биіктігі – 2,96 метр.

    Жаңа автобустар Семей қаласымен қатар, Аягөз, Үржар, Ақсуат, Бесқарағай, Жарма, Көкпекті, Бородулиха және басқа да аудандардың мектептеріне беріледі. Бұл ауылдық жерлер мен шалғай елді мекендердегі оқушылардың мектепке қатынауын жеңілдетіп, олардың қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда білім алуына септігін тигізеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары