Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен инвестиция тарту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Жиында жалпы құны 19,2 млрд теңгені құрайтын, 443 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін 12 инвестициялық жоба қаралып, мақұлданды. Жобалар ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, балық шаруашылығы, көлік және логистика, құрылыс материалдарын өндіру, сауықтыру және спорттық-ойын-сауық нысандарын салу салаларын қамтиды.
Кеңесте Көкпекті ауданында толық циклді балық өсіру және өңдеу кешенін, Семей қаласында заманауи сауықтыру кешені мен сауықтыру-санитарлық кешен, көрермендер трибуналары және қонақтарға арналған кешені бар ипподром салу жобалары таныстырылды.
Сондай-ақ, Семей қаласында теміржол тұйығы мен қоймалық-логистикалық инфрақұрылым, қойма кешендері мен логистикалық хаб, бетон өндіру станциясы, асфальт зауыты және құрама жем өндіру кешенін салу бастамалары қаралды.
Жаңасемей ауданында құрылысқа арналған бетон бұйымдарын өндіру, инертті материалдарды сақтау және өңдеу бойынша қойма шаруашылығы мен логистикалық кешен ұйымдастыру жобалары ұсынылды.
Аймақ басшысы инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті.
«Бүгін қаралған инвестициялық жобалардың әрқайсысы өңір экономикасының орнықты дамуы үшін ерекше маңызға ие. Инвесторларды сапалы сүйемелдеу, туындайтын мәселелерді жедел шешу және қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету – қала және аудан әкімдерінің тікелей функционалдық міндеті. Инвесторлардың барлық өтініштері уақтылы қаралып, әкімшілік кедергілерге жол берілмеуі тиіс. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде қажетті қолдау шараларының толық көрсетілуін қамтамасыз етуі қажет», – деді Берік Уәли.
Кеңес қорытындысында облыс әкімі мақұлданған инвестициялық жобаларды ерекше бақылауға алып, қабылданған шешімдердің уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Облыстың кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына жобалардың іске асырылуын тұрақты қадағалап, мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру міндетін жүктеді.








