Амангелді ауданында жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған «Заң мен тәртіп алаңы» жобасы басталды. Жоба аясында прокуратура органдарының ардагері Жақсылық Құрманалинов атындағы болашақ прокурорлар клубы ашылды. Ол ғұмырының 30 жылға жуығын заңға қызмет етуге арнаған. Еңбек жолын мұғалім болып бастап, 1968 жылы прокуратура органдарына қызметке келген. Әр жылдары бірнеше ауданның прокуроры қызметін атқарған. Көп жылғы адал еңбегі үшін мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталған.
Клубқа ардагердің есімінің берілуі – оның еңбегіне көрсетілген құрмет әрі ұрпақтар сабақтастығының символы.
Салтанатты ашылу рәсімі Республика күніне және Қазақстан Республикасы прокуратурасының 35 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жас патриот – жаңа Қазақстанның жасампаз күші!» форумының аясында аудандық Мәдениет үйінде өтті. Іс-шараға 9–11-сынып оқушылары, педагогтер, мектеп директорлары және прокуратура органдарының ардагерлері қатысты.
Клубтың басты мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарауға, жауапкершілік пен отансүйгіштікке тәрбиелеу. Салтанатты рәсім барысында клуб мүшелері ант қабылдады.
Аудан прокуроры Ерлан Қойбағаров атап өткендей, «Заң мен Тәртіп» қағидаты – қауіпсіз әрі әділетті қоғамның негізі. Ал заңға құрмет бала кезден қалыптасуы тиіс. Клуб оқушыларға өз құқықтары мен міндеттерін тереңірек түсінуге, күнделікті өмірде адалдық пен әділдік қағидаттарын ұстануға мүмкіндік береді.
Заңға құрмет бала кезден басталып, жауапты азаматтық қоғамның қалыптасуына негіз болады.
Қостанай облысының прокуратурасы





