Бейімбет Майлин ауданының прокуратурасы пәтер алу кезегінде тұрған азаматтарға, оның ішінде әлеуметтік осал санаттағы тұлғаларға тұрғын үй сатып алу кезінде заң бұзушылықтарды анықтады.
Бюджет, тұрғын үй және құрылыс заңнамасының талаптарының сақталуына жүргізілген тексеру барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жалпы құны 42,3 млн теңгеге екі пәтерлі тұрғын үйден екі пәтер сатып алғаны анықталды.
Алайда сатып алынған тұрғын үй белгіленген талаптарға сәйкес келмеген. Атап айтқанда, пәтерлер қарапайым әрлеу жағдайында болған, жылыту және газбен жабдықтау жүйелеріне қосылмаған. Үй-жайларды жылыту үшін электр жылытқыштары пайдаланылған, бұл ретте қажетті техникалық шарттар болмаған.
Прокурорлық қадағалау нәтижелері бойынша өнім беруші анықталған кемшіліктерді жедел түрде жойып, тұрғын үйді белгіленген талаптарға сәйкестендірді.
Сонымен қатар, әкімдік тарапынан осындай заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында қосымша шаралар қабылданды. Енді сатып алынатын тұрғын үй уәкілетті органдардың қатысуымен алдын ала комиссиялық тексеруден өткізіледі.
Жол берілген заң бұзушылықтар үшін жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура азаматтардың тұрғын үй құқықтарын қорғау және бюджет қаражатын заңды әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыруда.
Қостанай облысының прокуратурасы





