Ақтөбеде жаңа мәдениет үйі ашылады

    1 / 4

    Ақтөбенің Жаңақоныс кентінде орналасқан жаңа мәдениет үйі ертең, ұлттық мереке Республика күнінде халық игілігіне беріледі. Өңір басшысы Асхат Шахаров ғимараттың дайындығын көрді.

    Мәдени нысанда 150 орындық концерт залы, 7 қызметкерге арналған әкімшілік бөлмелер, кітапхана және оқу залы бар.

    Облыс әкімі кітапхана қызметкерлерімен әңгімелесті. Ол Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» бастамасы аясында тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығы туралы сұрады.

    Кітапханашылардың айтуынша, Жаңақоныс кентінде кітап оқуға қызығушылық танытатын тұрғындар көп. Оқырмандардың сұранысы ескеріліп, кітапхана қоры қажетті әдебиеттермен тұрақты түрде толықтырылып отырады. Сала қызметкерлері жаңа ғимарат кітапсүйер қауымның басын қосып, әсіресе өскелең ұрпақтың білімге құштарлығын арттыратынына сенімді.

    Сапар барысында Асхат Шахаров мәдениет үйінің қызметкерлерін Республика күнімен құттықтап, жұмыстарына табыс, шығармашылық жетістіктер және Жаңақоныс тұрғындарының игілігі үшін жаңа жобаларды жүзеге асыруға сәттілік тіледі. Сондай-ақ өңір басшысы жаңа нысанның аумағына шырша отырғызды.

    Жаңақоныс мәдениет үйінің құрылысын «АймарСтройСервис» ЖШС жүргізді. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 1 382,56 шаршы метр. Жобаның жалпы құны – 530 млн теңгеге жуық.

    Жаңа мәдениет үйі Жаңақоныс кентінің мәдени инфрақұрылымын толықтырып, тұрғындардың шығармашылықпен айналысуына және рухани дамуына жағдай жасайды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары