Темір ауданында жаңа жабық жүзу бассейні салтанатты түрде ашылды

    1 / 8

    Бүгін, 23 қазанда Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту және спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында Ақтөбе облысының Темір ауданына қарасты Шұбарқұдық кентінде жаңа жабық жүзу бассейнінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

    Салтанатты шараға Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықов пен Ақтөбе облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов қатысып, аудан тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтады. Сондай-ақ жас спортшыларға сәттілік тілеп, жаңа нысанның өскелең ұрпақты спортқа баулудағы маңызын атап өтті.

    Жалпы ауданы 1 644,5 шаршы метрді құрайтын бассейн Темір балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қарамағында жұмыс істейді. Қазіргі таңда мұнда 84 бала алты оқу-жаттығу тобында жүзумен айналысуда. Алдағы уақытта тағы 42 баланы қабылдау жоспарланған.

    Сонымен қатар кешкі уақытта бассейн аудан тұрғындары үшін ақылы негізде қолжетімді болады. Бұл тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.

    Айта кетейік, бүгінде Ақтөбе облысындағы 12 ауданның 11-інде жүзу бассейндері бар. Жалпы өңір бойынша су спорты түрлерімен, оның ішінде жүзумен 7 705 бала тұрақты түрде айналысады. Олардың 1 113-і ауылдық елді мекендерде тұрады.

    Бұл көрсеткіш өңірде су спортына деген қызығушылықтың жоғары екенін аңғартады. Ал спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру балалар мен жасөспірімдерді спортқа кеңінен тартуға, жас таланттарды анықтауға және спорттық резервті нығайтуға жол ашады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары