Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл қала аумағындағы бірқатар құрылыс және инфрақұрылым нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен сапасын тексерді.
Алдымен қала басшысы «Ынтымақ» тұрғын үй алабында салынып жатқан бес қабатты бес тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жалпы саны 200 пәтерге арналған нысандардағы жұмыс қарқынының баяулығына байланысты мердігер ұйымға ескерту жасалып, құрылысты жеделдету және сапа талаптарын қатаң сақтау тапсырылды.
Мұнан соң «Құлагер» шағын ауданындағы №26 тұрғын үйге барып, инженерлік инфрақұрылымның жай-күйін назарға алды. Қазіргі уақытта нысанды электрмен жабдықтау жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Сондай-ақ «Береке» коттедж қалашығындағы жаңадан салынған қазандықтың жұмысымен танысты. Бүгінде қазандық іске қосылып, қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта нысан аумағын абаттандыру шаралары қолға алынған.
Аралау барысында Біржан сал көшесінде «Ұлттық жоба» аясында жаңғыртылып жатқан жылу желілерінің жағдайы да тексерілді. Қазір аталған аумақта жиектастар орнатылып, жол төсемінің негізін тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта асфальт төсеу кезеңі басталады. Қала әкімі жауапты мамандарға жол жабындысын төсеуге дейінгі дайындық жұмыстарын сапалы аяқтап, құрылыс қарқынын арттыруды және нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
Сонымен қатар «Креативті орталықта» жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көрді. Нысанда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жауапты тұлғаларға жұмыс сапасын тұрақты бақылауда ұстап, бекітілген кестеден ауытқымау міндеті жүктелді.
Аралау қорытындысы бойынша қала әкімі барлық жауапты мекемелер мен мердігер ұйымдарға құрылыс сапасына ерекше мән беріп, жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.









