Қала әкімі отқа төзімді кірпіш өндіретін «KazakstanQuartz» зауытының жұмысымен танысты

    1 / 7

    Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл отқа төзімді кірпіш өндіретін «KazakstanQuartz» зауытына барды. Кәсіпорын қара және түсті металлургия салаларына арналған арнайы отқа төзімді кірпіштер шығарады.

    Қала әкімі кәсіпорынның өндірістік цехтарын аралап, технологиялық үдеріспен және дайын өнім түрлерімен танысты. Аралау барысында зауыттың өндірістік әлеуеті, өнім сапасы, өткізу нарығы және алдағы даму мүмкіндіктері талқыланды.

    Ернат Бәзіл өнеркәсіптік кәсіпорындардың қала экономикасын дамытудағы маңызын атап өтіп, отандық өндірістің үлесін арттыру және оның бәсекеге қабілеттілігін нығайту қажеттігіне тоқталды.

    – Өзімізде осындай арнайы өнім түрлерін шығаратын кәсіпорындардың болуы қала өнеркәсібі үшін маңызды. Өндірісті дамыту, өнім сапасын арттыру және жаңа нарыққа шығу бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажет. Қала тарапынан кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді қала әкімі Ернат Бәзіл.

    Кәсіпорын директоры Любовь Литенконың айтуынша, зауыт 2026 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылған. Өндіріс орнының жалпы аумағы 1 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта мұнда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт жылына 16 мың тоннадан астам өнім шығаруға қауқарлы.

    Кәсіпорын өндірісте отандық шикізатты пайдаланады. Өнім өндіруге қажетті шикізат Жетісу облысының Қаратал ауданы мен Қарағанды облысынан жеткізіледі.

    Кәсіпорын өнімдерінің негізгі тұтынушылары түсті металлургия саласындағы құю зауыттары. Бүгінде зауыт дайын өнімдерін Қазақстанның ішкі нарығы мен Қырғыз Республикасына экспорттауда.

    Алдағы уақытта кәсіпорын өндірістік қуатын кеңейтіп, шығарылатын өнім көлемін арттыруды көздеп отыр. Бұл өз кезегінде қаланың өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, отандық өндірісті дамытуға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етпек.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Талдықорған қаласының әкімдігі" жаңалықтары