Қарапайым еңбек адамына жоғары мемлекеттік награда табысталды

    1 / 3

    Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров денсаулық жағдайына байланысты Республика күніне орай мемлекеттік наградаларды табыстау рәсіміне қатыса алмаған еңбек ардагері, Марат Үмбетовтің үйіне барып, оны Мемлекет басшысының атынан ұлттық мерекемен құттықтап, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін табыстады.

    Марат Үмбетов – қырық жылдан астам еңбек өтілі бар тәжірибелі дәнекерлеуші. Ол еңбек жолында өндіріс және мұнай-газ салаларында жұмыс істеп, кәсіби шеберлігін шыңдаған. 2021 жылы жол-көлік оқиғасына ұшырап, арбаға таңылғанына қарамастан, сүйікті кәсібінен қол үзген жоқ. Бүгінде үйінде түрлі жиһаздар мен бұйымдар жасап, дәнекерлеу ісін жалғастырып келеді.

    Кездесуде облыс әкімі жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы орнына тоқталып, адал еңбек пен кәсіби шеберліктің маңызын атап өтті.

    «Сіздің еңбек жолыңыз – өз ісіне адалдық пен табандылықтың үлгісі.
    2025 жыл елімізде Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланып, еңбек адамының мәртебесін көтеруге, техникалық және кәсіптік мамандықтардың беделін арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Дегенмен, еңбек адамын ұлықтау бір жылмен шектелмейді. Өйткені ел экономикасының дамуы мен өндірістің өркендеуі өз ісін жетік меңгерген, жауапкершілігі жоғары жұмысшы мамандардың еңбегіне тікелей байланысты.
    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен Сізге табысталған III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені – көп жылғы адал еңбегіңізге берілген лайықты баға. Бұл – Сіздің жеке еңбегіңізге ғана емес, ел дамуына үлес қосып жүрген жұмысшы мамандарына көрсетілген құрмет. Біз еңбек адамын бағалауды, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруды және адал еңбекті ұлықтауды жалғастыра береміз», – деді Асхат Шахаров.

    Өз кезегінде марапат иесі Марат Үмбетов ризашылығын жеткізіп, елге амандық тіледі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары