Қостанай облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және қылмыс себептерін жою бағытында кешенді шаралар қабылдануда.
«Айқын нәтиже» жобасы құқық бұзушылықтар бірнеше рет жасалған орындарды анықтауға және олардың қайталануына ықпал ететін себептерді жоюға бағытталған.
Облыс прокурорлары 240 нысанды тексерді. Оның 44-інде қосымша профилактикалық шаралар айқындалып, олардың орындалуына жауапты тұлғалар белгіленді. Бейнебақылау жүйелеріне, күзетке және дабыл түймелерін орнатуға ерекше назар аударылды.
Мысалы, дүкендердің бірінде үш жыл ішінде 50 ұрлық тіркелген. Күзет ұйымдастырылып, қызметкерлерге нұсқама жүргізілгеннен кейін мұндай фактілердің саны айтарлықтай азайған.
Рудный қаласында 425 «ақылды домофон» камерасы Жедел басқару орталығына қосылды. Олардың бейнежазбалары қылмыстарды ашуға көмектесуде.
Алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың жолын кесу бағытында 177 кәсіпкерге лицензияларынан айыру немесе олардың қолданысын тоқтата тұру бойынша шаралар қабылданды. 370-тен астам бөтелке алкоголь өнімі тәркіленді.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болу фактілерінің жолын кесу жұмыстары күшейтілді. Заң талаптарын қайталап бұзғаны үшін 6 мекеменің иесі әкімшілік жауаптылыққа тартылып, олардың қызметі тоқтатыла тұрды. Тағы бір мекеме жұмысын толығымен тоқтатты.
Бұрын қылмыс жасаған адамдарға бақылау күшейтілді. Сонымен қатар интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстарына 20-дан астам өңірлік блогер тартылды.
2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 15%-ға, ауыр қылмыстар 17%-ға, интернет-алаяқтық 24%-ға төмендеді. Отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар саны екі есеге жуық азайды.
Бұл нәтижелер прокуратура, полиция, мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің бірлескен жұмысының арқасында қамтамасыз етілді.
«Айқын нәтиже» — мәселерді анықтау, олардың себептерін жою және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты шаралар.
Қостанай облысының прокуратурасы



