Бейімбет Майлин ауданында бұған дейін көлік құралдарын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылғанына қарамастан, қайтадан алкогольдік масаң күйде рөлге отырған жүргізушіге қатысты айыптау үкімі шығарылды.
Ер адам Nissan Patrol автокөлігін алкогольдік масаң күйде басқарып, «Қостанай – Қарабұтақ» автожолымен Валерьяновка ауылының маңында Лисаковск қаласы бағытында қозғалған.
Оның әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамның алкогольдік масаң күйде көлік құралын басқаруы ретінде сараланды.
Сот жүргізушіні кінәлі деп танып, оған қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде жазасын өтеу арқылы 1 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, сот оны көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айырды.
Аталған жағдай көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқару жол қозғалысы қағидаларын бұзу ғана емес, заңнамада көзделген қылмыстық жауаптылыққа, оның ішінде бас бостандығынан айыру түріндегі нақты жазаға әкеп соғуы мүмкін екенін тағы да көрсетеді.
Бейімбет Майлин ауданының прокуратурасы барлық жүргізушілерді жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және көлік құралдарын басқаруға жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқару жүргізушінің өз өмірі мен денсаулығына ғана емес, сондай-ақ жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді.
Қостанай облысының прокуратурасы





