Облыс әкімі Берік Уәли Үржар аудандық полиция бөліміне барып, Жедел басқару орталығын құру және заманауи бейнебақылау жүйесін енгізу жұмыстарымен танысты.
Жоба аясында 54 сыртқы стационарлық және 18 айналмалы бейнебақылау камерасы, сондай-ақ, 3 ішкі камера орнату көзделген. Бұдан бөлек көлік құралдарының қозғалыс жылдамдығын өлшейтін 5 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылады. Жаңа техникалық жабдықтар аудан аумағындағы қоғамдық орындар мен жол қозғалысын бақылауға, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және ықтимал қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Жедел басқару орталығы бейнебақылау камераларынан түсетін ақпаратты жедел өңдеуге, оқиғалар туралы мәліметтерді уақтылы алуға және тиісті қызметтердің жұмысын үйлестіруге жағдай жасайды. Бұл төтенше жағдайлар мен өзге де оқиғаларға жедел ден қоюға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Жоба туралы облыс әкіміне Полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров пен цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы баяндады.
Қазіргі уақытта Үржар ауданындағы білім беру ұйымдарының 22 нысанындағы 400 бейнебақылау камерасы Жедел басқару орталығына қосылған. Алдағы уақытта орталыққа тағы мыңға жуық камераны қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында базарлар, дүкендер және адам көп шоғырланатын өзге де қоғамдық орындар бар.
Айта кетейік, Жедел басқару орталығында бейнебақылау жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жасанды интеллект технологиясы енгізілген. Соның негізінде тестілеу режимінде үш күнде 6444 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
Аймақ басшысы орталықтың жұмысын ұйымдастыруда заманауи цифрлық технологияларды тиімді пайдалану мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.
«Мемлекет басшысының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқық қорғау органдарының қызметін цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үржар ауданында Жедел басқару орталығы жұмысын бастап жатыр. Жобаны іске асыру аудан аумағындағы қоғамдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге, құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін арттыруға және түрлі оқиғаларға жедел ден қою мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Жобаның тағы бір маңызды бағыты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру. Жылдамдықты өлшейтін аппараттық-бағдарламалық кешендерді орнату жол қозғалысы қағидаларының сақталуын бақылауға, белгіленген жылдамдық режимін бұзу деректерін анықтауға және жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін төмендетуге бағытталған. Бұл өз кезегінде жүргізушілердің жауапкершілігін арттырып, жолдардағы қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді. Бейнебақылау жүйесін енгізу құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ең бастысы, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Құтты болсын. Сәттілік тілеймін», – деді Берік Уәли.
Үржар ауданында Жедел басқару орталығын салу және заманауи бейнебақылау жүйесін енгізу – қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба.









