Абай облысында «Ұлылар елі» республикалық патриоттық әндер байқауы өтті

    1 / 12

    Бүгін Семейде Республика күніне орай «Ұлылар елі» республикалық патриоттық әндер байқауының қорытынды гала-концерті болды. Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, жүлдегерлер мен жеңімпаздарды марапаттады.

    «Ұлылар елі» республикалық ән байқауы Абай облысының тарихи-мәдени мұрасын, киелі мекендерін, көркем табиғаты мен рухани құндылықтарын музыка өнері арқылы дәріптеуге бағытталған. Жобаның басты мақсаты – қасиетті Абай елінің музыкалық қорын жаңа шығармалармен толықтыру, талантты композиторлар мен ақындарға қолдау көрсету және туған жер тақырыбындағы әндердің кеңінен таралуына мүмкіндік жасау.

    Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы бұл байқаудың өңір мәдениеті үшін ерекше орны бар екенін атап өтті.

    «Бүгін қорытындыланып отырған «Ұлылар елі» республикалық ән байқауының тұңғыштар мекені Абай облысында өтуі заңды деп ойлаймын. Біз үшін байқаудың ең үлкен жетістігі 64 автордан 88 шығарманың келіп түсуі ғана емес, сол туындылардың арасынан халықпен бірге жасайтын әндердің дүниеге келуі. Байқау бір күндік шарамен шектелмейді, ол композиторлар мен ақындарға жаңа мүмкіндік беріп, әншілеріміздің репертуарын байытады. Авторлық құқық сақтала отырып, жаңа шығармаларды Абай облысының өнерпаздары орындап, ел ішіне кеңінен таратуға мүмкіндік алады. Бүгін сахнада орындалған 16 ән халықтың, өңір тұрғындарының жүрегіне жол табатын рухты, есті әндерге айналады деп сенемін. Байқау жоғары деңгейде өтті. Барлық қатысушыларға, байқауды ұйымдастырушыларға, әншілерге, сазгерлерге, ақындарға облыс жұртшылығы атынан алғысымды білдіремін!», – деді Берік Уәли.

    Қорытынды гала-концерт барысында байқаудың іріктеу кезеңінен өткен жаңа музыкалық туындылар көпшілік назарына ұсынылды. Елімізге танымал және өңірлік өнерпаздар орындаған 16 ән көрерменге жол тартты.

    Байқау қорытындысы бойынша «ETHNO ARLAN», «ДОС» дуеті, «Элит» тобы, Медғат Әділбек, Мәди Мадияров, Мәди Ахметқожа, Ұшқын Жамалбек лауреат атанды. «Киелі Абай елі» бағыты бойынша «Туған ел сенен айналдым» әнімен 1 орынды Клара Төленбаева мен Айгерім Тілеубек иеленді (әні Медет Салықов, сөзі Серікзат Дүйсенғазы). «Тренд әуен» бағыты бойынша бірінші орын Ұшқын Жамалбекке бұйырды (сөзі Қазірет Бердіхан). Ал 88 шығарма арасынан Қуандық Рахым орындаған «Ұлылар елі» әні бас жүлдені жеңіп алды (сөзі Нұржан Өмірбай, әні Жарасхан Төлебай). Лауреат атанғандарға 1,5, бірінші орын иегерлеріне 3, бас жүлдеге 5 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

    Айта кетейік, биыл 9 ақпанда қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ақын-жазушылармен өткен кездесуде облыс әкімі байқау туралы бастама көтеріп, көпшілікке жарияланған болатын.

    Шығармашылық жоба еліміздің әр өңіріндегі өнер иелерінің қызығушылығын тудырды. Нәтижесінде 64 автордан 88 музыкалық шығарма келіп түсті. Олардың қатарында Атырау, Алматы, Астана, Қызылорда және еліміздің басқа да өңірлерінен ұсынылған туындылар бар.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары