Республика күніне орай еліміздің барлық әскери бөлімдері мен мекемелерінде, Қарулы күштердің түрлері мен әскер тектерінде, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарында Мемлекеттік Туды көтеруге арналған салтанатты рәсімі өтті.
Көк байрағымызды көкке көтеру – ел тәуелсіздігін ұлықтап, ұлттық бірлікті дәріптейтін маңызды рәсім. Мемлекеттік Ту – егемендігіміздің айқын белгісі, халқымыздың ортақ мақтанышы мен ұлттық рухының нышаны.
Мерекеге орай қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген әскери қызметшілер қолбасшылық атынан грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Әскери қызметшілер «Менің Қазақстаным» челленджіне белсене қатысып, «Қыран елім – Қазақстаным» патриоттық акциясына да өз үлестерін қосты.
Әскери бөлімдерде өткен мерекелік іс-шаралар Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, ел бірлігін нығайтуға және тәуелсіздік құндылықтарын дәріптеуге бағытталды. Бұл – туған жерге адал қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырған әскери қызметшілердің елдік мұраттарға деген беріктігінің көрінісі.









