ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова бастаған делегация Қытайдың Шэньси провинциясында өткен 33-ші Янлин ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысты.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) заманауи ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі 2026 жылғы дөңгелек үстелінде Назгүл Хатепова климаттың өзгеруі мен су тапшылығының күшеюіне байланысты су ресурстарын ұтымды пайдалану, заманауи суару технологияларын енгізу және халықаралық технологиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерінің маңызы артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттар Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Өйткені олар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақтылығын арттыруға және ауылдық аумақтарды дамытуға тікелей әсер етеді.
«ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ғылыми, технологиялық және өндірістік әлеуетін біріктіру тиімді шешімдерді жедел енгізуге, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға және су ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді деп сенеміз. Ынтымақтастық нақты нәтижелерге бағытталып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сұранысына жауап беруі қажет», — деді Назгүл Хатепова.
Сондай-ақ вице-министр Қазақстанда суармалы суды тиімді пайдалану, ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту және суды үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 1,6 млн гектар суармалы жер бар. Оның 702,3 мың гектарында суды үнемдеу технологиялары қолданылады. Бұл суармалы алқаптардың жалпы көлемінің шамамен 44%-ын құрайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша заманауи суару жүйелерін қолдану нәтижесінде шамамен 874 млн текше метр су үнемделген.
Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің заманауи суару технологияларына көшуін жеделдету мақсатында мемлекет қаржылай қолдау шараларын кеңейтіп келеді. Атап айтқанда, суды үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарының өтемақысы 60%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Ал мұндай жүйелерді пайдаланатын шаруашылықтар үшін суару суының құнын субсидиялау үлесі 50%-дан 85%-ға дейін арттырылды. Бұдан бөлек, 2026–2028 жылдары суды үнемдеу технологияларына инвестициялық субсидия беруге 214,6 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Елімізде ирригациялық жабдықтардың отандық өндірісі де дамып келеді. Сонымен қатар аграрлық секторды қажетті техникамен қамтамасыз ету мүмкіндіктері кеңейтіліп, су ресурстарын басқару тәсілдері жетілдірілуде.
Қазақстанның негізгі мақсаты — 2030 жылға қарай суды үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы алқаптардың көлемін 1,3 млн гектарға жеткізу. Бұл жыл сайын 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Вице-министр өз сөзінде ШЫҰ аясындағы практикалық ынтымақтастықты нығайту мәселесіне де тоқталды. Қазақстан тарапы ұйымға мүше мемлекеттердің тиісті мемлекеттік органдары, ғылыми-зерттеу институттары, аграрлық жоғары оқу орындары, жабдық өндірушілері мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қатысуымен суды үнемдеу технологиялары бойынша тәжірибе алмасатын өңірлік платформа құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Мұндай платформа тиімді агротехнологияларды кеңінен таратуға, бірлескен ғылыми зерттеулер мен далалық сынақтар жүргізуге, ғылыми әзірлемелермен алмасуға және ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Ынтымақтастықтың басым бағыттары қатарында тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін енгізу, дәлме-дәл егіншілік технологияларын дамыту, топырақ ылғалдылығын цифрлық бақылау, суаруды автоматты басқару жүйелерін жетілдіру, суармалы жерлердің тұздануының алдын алу және ауыл шаруашылығы өндірісінің климат өзгерісіне төзімділігін арттыру бар.
«ШЫҰ елдерінің ауыл шаруашылығы саласында ғылыми білімді, озық технологияларды, инвестициялар мен тәжірибені біріктіруге мол мүмкіндік бар. Біздің ортақ міндетіміз — жаңа әзірлемелермен алмасып қана қоймай, оларды әр елдің табиғи-климаттық ерекшеліктері мен ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қажеттіліктерін ескере отырып, іс жүзінде қолдану. Суды үнемдеу технологиялары саласындағы әріптестікті нығайту агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақтылығын арттырып, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосады деп сенеміз», — деп атап өтті Назгүл Хатепова.
Жұмыс сапары аясында қазақстандық делегация 33-ші Янлин ауыл шаруашылығы көрмесінің бірнеше павильонын аралады. Олардың қатарында халықаралық ауыл шаруашылығы ынтымақтастығы мен тәжірибе алмасу көрмесі, ауыл шаруашылығындағы жоғары технологиялық жетістіктер мен жаңа өндірістік шешімдер көрмесі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының халықаралық көрмесі бар.
Делегация мүшелері ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы жаңа әзірлемелермен, инновациялық технологиялармен және аграрлық өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи шешімдермен танысты.









