Ақтөбеде Республика күніне орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты көтеру рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты.
Салтанатты рәсімге құқық қорғау органдарының өкілдері, әскери қызметшілер, мемлекеттік қызметшілер, қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары жиналды. Рәсім барысында Мемлекеттік Ту көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды.
Облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөзінде Республика күнінің тарихи маңызына тоқталып, бұл күннің ел тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін нығайтудағы рөлін атап өтті. Баршаны ұлттық мерекемен құттықтады.
«25 қазан – халқымыздың елдік мұраты мен тәуелсіздікке деген ұмтылысын айқындаған тарихи күн. 1990 жылы қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация еліміздің дербес даму жолына негіз қалап, ұлттық мемлекеттілігіміздің нығаюына жол ашты.
Бүгінгі салтанатты рәсімнің де маңызы ерекше. Көк аспан астында желбіреген Мемлекеттік Туымыз Отанымызға деген құрметіміз бен тәуелсіздігімізге деген сеніміміздің көрінісі.
Отанға деген сүйіспеншілік туған жерді қадірлеуден, адал еңбек етуден және қоғам игілігіне үлес қосудан басталады. Әрбір азаматтың осы бағыттағы жауапкершілігі еліміздің дамуына серпін беріп, бірлігімізді бекемдей түседі.
Осы ұлттық мерекеде баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс, еліміздің игілігі жолындағы істеріңізге сәттілік тілеймін!
Көк байрағымыз биікте желбіреп, Егемен еліміздің еңсесі биік болсын!
Ұлттық мереке құтты болсын!», – деп аймақ басшысы Асхат Шахаров сөзін түйіндеді.
Мерекелік бағдарлама «Батырлар ұраны» музыкалық композициясымен аяқталды.









