Астанада республикалық «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ауыл шаруашылығы жануарларын өңдеу және мүшелеумен айналысқан заңсыз цех анықталды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Астана қаласы бойынша аумақтық инспекциясының мәліметінше, аталған нысанда 2-санаттағы объектілерге қойылатын талаптарға сәйкес қажетті рұқсат құжаттарынсыз ет өнімдері өңделген. Атап айтқанда, ветеринариялық-санитариялық қорытынды мен есептік нөмір болмаған.
Анықталған дерек бойынша мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар қой етінен сынамалар алынып, зерттеу жүргізу үшін «Республикалық ветеринариялық зертхана» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Астана қаласындағы өңірлік филиалына жолданды.
Құқық бұзушылыққа кінәлі тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды.
Шығу тегі белгісіз ірі және ұсақ қара малдың жалпы салмағы 360 келі болатын ішкі ағзалары мен қосалқы өнімдері «Астана-Ветсервис» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының пеш-инсинераторында өртеу арқылы жойылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.








