Қазақстан мен Швейцария сауда-экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады

    1 / 2

    Берн, 22 қазан – Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан–Швейцария үкіметаралық комиссиясының 12-отырысы өтті. Комиссияның қазақстандық бөлігін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, ал швейцариялық бөлігін Швейцарияның Экономика жөніндегі мемлекеттік хатшылығының (SECO) Екіжақты экономикалық қатынастар басқармасының басшысы, Елші Андреа Раубер Заксер басқарды.

    Тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылап, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің өзара саудасын кеңейтуге елеулі әлеует бар екенін атап өтті.

    Қазақстан тарапы агроөнеркәсіп өнімдерінің, соның ішінде бал мен жануарлардан алынатын өнімдердің экспортын ұлғайтуға мүдделі екенін растады.

    Бір күн бұрын Цюрихте Switzerland Global Enterprise (S-GE) және Біріккен сауда палатасының (JCC) қолдауымен 90 компанияның қатысуымен өткен іскерлік дөңгелек үстелдің қорытындылары оң бағаланды.

    Инвестиция саласында Қазақстан швейцариялық инвестицияларды, технологиялар мен басқару тәжірибесін тартуға мүдделі екенін білдіріп, компанияларды ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, агротехнологиялар, су ресурстары, жаңартылатын энергетика, инфрақұрылым, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды. Швейцариялық компаниялардың, инвесторлар мен ғылыми орталықтардың ерекше құқықтық режимі бар жаңа «ақылды» қала – Alatau City-ді дамытуға қатысу мүмкіндіктеріне айрықша назар аударылды.

    Швейцария тарапы аса маңызды шикізат саласындағы ынтымақтастықты, соның ішінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою арқылы дамытуды ұсынды. Сондай-ақ Team Switzerland Infrastructure платформасы мен Швейцарияның экспорттық тәуекелдерді сақтандыру агенттігінің (SERV) қолдауымен швейцариялық компаниялардың Қазақстандағы су шаруашылығы, қалдықтарды басқару, көлік, логистика және энергетика салаларындағы инфрақұрылымдық жобаларға қатысу перспективалары талқыланды.

    Тараптар екі ел арасындағы іскерлік және мәдени байланыстарды нығайту мақсатында Қазақстан Республикасының Швейцариядағы Елшілігінің қолдауымен құрылған Қазақстан-Швейцария мәдени-іскерлік орталығының Шаффхаузенде ашылуын құптады.

    Бұдан бөлек, ветеринария, атом энергетикасы, ғылым және жоғары білім, зияткерлік меншікті қорғау, цифрландыру, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.

    Отырыс қорытындысы бойынша Хаттамаға және «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК мен Швейцарияның Радиоактивті қалдықтарды көму жөніндегі ұлттық кооперативі (NAGRA) арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасына қол қойылды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы және Лихтенштейн Князьдігіндегі Елшілігі" жаңалықтары