Берн, 7 қараша -Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігі Унтерэгери қаласында (Цуг кантоны) «Бірлік» қазақ-швейцар қауымдастығы ұйымдастырған, Швейцариядағы қазақстандықтарға арналған кәсіби байланыс форумына қатысты.
Швейцария Конфедерациясында тұрып, еңбек етіп жүрген қазақстандықтар және басқа да қонақтар кәсіби әрі әлеуметтік бейімделу тәжірибелерімен бөлісіп, жеке өмірлерінен алынған нақты мысалдарды талқылады.
Елшіліктің өкілдері адами капиталды дамытудың, халықаралық сарапшыларды тартудың және білім алмасудың маңыздылығын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың, сондай-ақ Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауында белгіленген басымдықтардың - атап айтқанда, білім беру, технология және инновация салаларында халықаралық тәжірибені қолданудың - өзегі болып табылады.
Швейцария білім беру, технология және инновация салаларында мол тәжірибеге ие және көптеген халықаралық рейтингтерде тұрақты түрде көшбасшылар қатарынан орын алады. Осыған орай, форумда Швейцария Конфедерациясында тұрып, жұмыс істейтін отандастарымыздың әлеуетін, білімі мен тәжірибесін пайдаланудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








