Бүгін Түркияның Анталья қаласында БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонының ресми ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты ашылу рәсіміне Құрылтайдың Аграрлық мәселелер және экология комитетінің төрағасы С. Егізбаев, Халық Кеңесінің мүшелері, Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ә. Қуантыров, ҚР Денсаулық сақтау министрі А. Әлназарова қатысты.
Павильон еліміздің экологиялық жетістіктерін таныстыруға, жасыл технологияларды ілгерілетуге және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға арналған халықаралық алаңға айналды.
Қазақстанның COP31 конференциясына қатысуы халықаралық әріптестікті нығайтуға, инвестициялар тартуға және орнықты даму саласындағы практикалық шешімдерді ілгерілетуге бағытталған. Бүгінде жаһандық климаттық күн тәртібі жалпы міндеттемелерден нақты экономикалық шешімдерге, технологиялық өзара іс-қимылға және жасыл қаржыландыруды кеңейтуге қарай бет бұруда.
«Қазақстан үшін COP31 – ұлттық басымдықтарды таныстыруға, қол жеткізілген нәтижелермен бөлісуге және орнықты болашақ жолындағы ортақ шешімдерді қалыптастыруға үлес қосуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Біз бұл платформаны тек пікір алмасу кеңістігі ретінде ғана емес, ең алдымен диалогтан нақты іс-қимылдар мен өлшенетін нәтижелерге көшу мүмкіндігі ретінде қарастырамыз», – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров павильонның ашылу рәсімінде.
Ұлттық павильонның «Уақыттар сабақтастығы: өткен, бүгін, болашақ» атты тұжырымдамасы Қазақстанның табиғи мұрасы мен заманауи технологиялық шешімдерінің сабақтастығын көрсетеді. Аумағы 250 шаршы метрді құрайтын кеңістік қазақ даласының кеңдігі мен ауқымын бейнелейтін ашық сәулеттік стильде безендірілген.
Павильонның цифрлық гидтерінің бірі ретінде «Үміт» және «Амур» атты туран жолбарыстарының бейнесіндегі жасанды интеллект ұсынылған. Интерактивті формат халықаралық қонақтарға Қазақстанның экологиялық бастамалары мен технологиялық жобаларымен бірнеше тілде танысуға мүмкіндік береді.
Экспозиция еліміздің биоалуантүрлілікті сақтау және табиғи экожүйелерді қалпына келтіру бағытындағы нәтижелерін көрсетеді. Негізгі жетістіктер қатарында Іле-Балқаш резерваты аумағында туран жолбарысын табиғи ортаға қайта жерсіндіру, ақбөкендер санын 21 мыңнан рекордтық 4,7 миллион басқа дейін қалпына келтіру, сондай-ақ Солтүстік Аралды қалпына келтіру және құрғаған теңіз табанында сексеуіл ормандарын қалыптастыру жұмыстары бар.
Жеке бөлім заманауи жасыл технологиялар мен экономиканы экологиялық жаңғырту мәселелеріне арналған. Олардың қатарында «Орталық Азияның жасыл қалқаны» өңірлік фитомелиорация бағдарламасы, метанның жылыстауын бақылау және анықтауға арналған KazMethane MRV ұлттық цифрлық платформасы, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу технологиялары және кәсіпорындарға ең озық қолжетімді техникаларды енгізу бар.
Ұлттық павильон келушілерді Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің әлеуетімен және экологиялық таза өнімдерімен де таныстырады. «Құрақ көрпе» арт-инсталляциясы ресурстарға ұқыпты қараудың дәстүрлі қағидаттарын Zero Waste (қалдықсыз өндіріс және тұтыну) заманауи тұжырымдамасы арқылы көрсетеді.
Қазақстанның COP31-ге қатысуындағы маңызды бағыттардың бірі – іскерлік және инвестициялық күн тәртібі. Конференция барысында павильон алаңында мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, бизнес өкілдері мен әріптес құрылымдардың қатысуымен 38 тақырыптық іс-шара өткізу жоспарланған.
Бағдарлама климаттық күн тәртібінің негізгі бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, климаттық қаржыландыру, өнеркәсіпті декарбонизациялау, энергетикалық көшу, Париж келісімінің 6-бабы аясында көміртек нарығын дамыту, су қауіпсіздігі, биоалуантүрлілікті сақтау және инновациялық жасыл технологияларды енгізу мәселелері қарастырылады.
Ұлттық және өңірлік бастамаларды ілгерілетуге ерекше назар аударылады. Олардың қатарында Қазақстанның климаттық инвестициялық платформасы (QCIP), QaJET бастамасы, Солтүстік Аралды қалпына келтіру, Каспий теңізінің экожүйесін сақтау, шөлейттенуге қарсы күрес және жаңартылатын энергетиканы дамыту бар.
«Бүгінде алдымызда климаттық міндеттемелерді нақты жобаларға, инвестициялар мен технологиялық шешімдерге айналдыру міндеті тұр. Қазақстан жаңа әріптестіктерге, инвестициялар мен технологиялық ынтымақтастыққа ашық.
Ұлттық павильон Орталық Азия мен бүкіл әлемнің орнықты дамуына ықпал ететін жаңа бастамалар мен өзара тиімді әріптестіктің алаңына айналатынына сенімдімін», – деп атап өтті министр.
COP31 аясында Ұлттық павильонның ашылуы Қазақстанның ашық халықаралық диалогқа және климаттық саясат саласындағы әріптестікті нығайтуға дайын екенін көрсетеді. Еліміз экологиялық басымдықтарды, технологиялық дамуды және инвестициялық мүмкіндіктерді ұштастыратын практикалық шешімдерді жүйелі түрде ілгерілетіп келеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









