Бүгін Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстанның Ұлттық павильонында «Жаһандық жылыну жағдайында жүктілікті қорғау: іс-қимылға шақыру» тақырыбында жоғары деңгейдегі сессия өтті.
Сессия жұмысына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Бас директоры Тедрос Гебрейесус, Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Егізбаев, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, сондай-ақ 30-дан астам елдің сарапшылары мен өкілдері қатысты.
Сессияны ашқан ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Қазақстандағы жылыну қарқыны әлемдік көрсеткіштерден екі есе дерлік жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, аптап ыстық пен экологиялық сын-қатерлер репродуктивті денсаулыққа және өскелең ұрпақтың саулығына тікелей қауіп төндіреді.
«Бүгін біз климаттық дағдарыстың аса маңызды гуманитарлық аспектілерінің бірі – климаттың өзгеруінің ана мен бала денсаулығына әсеріне назар аударып отырмыз.
Климаттың өзгеруін тек температура көрсеткіштері, парниктік газдар шығарындылары немесе экономикалық шығындар тұрғысынан ғана қарастыруға болмайды. Бұл көрсеткіштердің әрқайсысының артында адамдардың денсаулығы мен өмірі тұр.
Әсіресе жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелер ерекше назар аударуды қажет етеді. Өйткені аптап ыстық, ауаның ластануы және қауіпсіз ауыз судың тапшылығы ана мен баланың денсаулығына, соның ішінде құрсақішілік даму кезеңінде де қосымша қауіп төндіруі мүмкін», – деп атап өтті Ә. Қуантыров.
Гент университеті мен БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) зерттеулеріне, сондай-ақ Арал маңы өңіріндегі жағдайға қатысты ғылыми бағалауларға сәйкес, температураның жоғарылауы мен қоршаған ортаның тозуы мерзімінен бұрын босану және жүктілік кезіндегі асқынулар қаупін арттырады.
Климаттық тәуекелдерді барынша азайту мақсатында Қазақстан профилактикалық бағдарламаларды, оның ішінде «Аналар саулығы» жобасын белсенді түрде дамытуда.
Сонымен қатар ДДҰ-мен әріптестік аясында 2026–2030 жылдарға арналған «Арал маңы өңіріндегі салауатты болашақ» Жол картасын іске қосу мәселесі пысықталуда. Кейіннен климаттық медицина және денсаулық сақтау жөніндегі өңіраралық хаб құру жоспарланып отыр.
Сессия қорытындысы бойынша Қазақстан тарапы халықаралық қоғамдастықты климаттық тәуекелдерді ұлттық денсаулық сақтау жүйелеріне енгізуге, жергілікті ғылыми зерттеулерді кеңейтуге, ерте ескертуге арналған цифрлық құралдарды енгізуге, сондай-ақ экологиялық орнықтылық пен ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған инвестицияларды біріктіруге шақырды.
Іс-шараны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДҰ) және БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы саласындағы қорымен (ЮНФПА) бірлесіп ұйымдастырды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









