COP31: табиғи экожүйелерді қалпына келтіру үшін көміртекті қаржыландыру мүмкіндіктері талқыланды

    1 / 2

    9 қарашада Анталья қаласында өтіп жатқан COP31 климаттық конференциясы аясында Қазақстанның Ұлттық павильонында шымтезекті батпақтар мен сулы-батпақты алқаптарды қалпына келтіру мәселелеріне арналған сессия өтті.

    Іс-шараны Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) мен Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ұйымдастырды. Кездесуге мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қоғамдастықтың және қаржы серіктестерінің өкілдері қатысты.

    Сессияны аша отырып, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М.Т. Ошурбаев табиғи экожүйелерді қалпына келтіру климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылдың, су ресурстары мен биоалуантүрлілікті сақтаудың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

    Шымтезекті батпақтар көміртекті жинақтайды, су режимін реттейді және көптеген жануарлар мен өсімдіктер түрлерінің тіршілік ету ортасын қамтамасыз етеді. Ал олардың тозуы парниктік газдар шығарындыларының артуына, өрт қаупінің күшеюіне және құнды табиғи аумақтардың жойылуына әкелуі мүмкін.

    Қазақстан үшін сулы-батпақты алқаптардың маңызы ерекше. Олар су ресурстарын сақтауға ықпал етіп, құрғақшылық пен шөлейттенуден табиғи қорғаныс қызметін атқарады.

    Бұл аумақтар құстардың көші-қон жолдарында да маңызды рөл атқарады. Рамсар конвенциясының қатысушысы ретінде Қазақстан халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарды сақтау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.

    Вице-министр экожүйелерді қалпына келтіру ғылыми негізделген шешімдерді, тиімді басқаруды және жеткілікті қаржыландыруды талап ететінін атап өтті. Табиғат қорғау жобаларын қолдаудың қосымша көзі ретінде көміртекті қаржыландыру тетіктері қарастырылуы мүмкін.

    Сонымен қатар көміртек кредиттері есебінен алынатын климаттық нәтиже сенімді деректермен расталуы тиіс. Мониторингтің, есептіліктің және верификацияның ашықтығы, биоалуантүрлілікті қорғау және жергілікті қоғамдастықтардың мүдделерін ескеру осындай жобаларды іске асырудың маңызды шарттары болып табылады.

    М.Т. Ошурбаев көміртекті қаржыландыру мемлекеттік инвестициялар мен халықаралық қолдауды толықтыруы тиіс екенін атап өтті.

    Вице-министр өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталып, Орталық Азия елдерінің ортақ су ресурстары, экожүйелер және жануарлардың көші-қон жолдары арқылы өзара тығыз байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ ол аталған пікірталас нақты ұсынымдар әзірлеуге және мемлекеттік органдар, ғалымдар, халықаралық ұйымдар мен қаржы серіктестері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі" жаңалықтары