2026 жылғы 10 қарашада Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Жамбыл облысының Тараз қаласы мен барлық аудандарында кезекті тазалық шаралары өтті. Ортақ мақсатқа ұйысқан жастар, еріктілер мен белсенді тұрғындар туған өлкенің көркеюіне үлес қосып, қоршаған ортаға жанашырлық танытты.
Бұл жолғы экологиялық бастамалар саябақтар мен демалыс орындарын, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді қамтыды. Әр аумақта тазалық жұмыстары жүргізіліп қана қоймай, табиғатты аялау мен қоғамдық орындарға ұқыпты қараудың маңызы насихатталды.
Тараз қаласында Абай мен А. Пушкин көшелерінің қиылысындағы Пушкин ескерткішінің маңында «Тазалық жаршысы» атауымен экологиялық акция өтті. Ал Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы дендросаябақта «Жастар және тазалық: ортақ жауапкершілік» бастамасы аясында тазалық жұмыстары қолға алынды.
Жамбыл ауданының Аса ауылындағы Абай көшесінде «Экологиялық мәдениет: тазалық өзімізден басталады» тақырыбымен ұйымдастырылған шара тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттыруға арналды. Жуалы ауданындағы орталық саябақ та тазалық шараларынан тыс қалмай, «Таза Қазақстан» акциясы аясында ретке келтірілді. Ал Меркі ауданында экологиялық бастама әсем табиғатымен ерекшеленетін Меркі шатқалында жалғасын тапты. Мұнда «Таза өлке – таза ел» ұранымен тазалық жұмыстары жүргізілді.
Қордай ауданында Абылай хан мен Өтеген батыр көшелерінің қиылысындағы көпір маңындағы канал аңғары тазартылды. «Таза Қазақстан – таза болашақ» тақырыбындағы акция табиғи аумақтарды таза ұстаудың маңызын тағы бір мәрте айқындады. Шу қаласындағы «Теміржолшылар» саябағында «Тазалық – ортақ жауапкершілік» бастамасы жүзеге асса, Шу ауданындағы М. Жүнісәлиев атындағы саябақта республикалық экологиялық акция аясында тазалық жұмыстары жүргізілді.Т.Рысқұлов ауданында«Ардагерлер» саябағы «Таза Қазақстан – таза болашақ» акциясының алаңына айналды. Талас ауданының Қаратау қаласындағы «Қуғын-сүргін» саябағында «Таза табиғат – ұлт байлығы» тақырыбымен экологиялық шара өтті. Сарысу ауданының Жаңатас қаласындағы 1-шағын аудан, 41-үйдің ауласында «Таза Қазақстан – таза орта» бастамасы аясында аумақты тазалау жұмыстары атқарылды. Мойынқұм ауданында да игі дәстүр жалғасын тауып, Ж. Қуанышбаев атындағы саябақта тазалық акциясы ұйымдастырылды.
Осындай игі бастамалардың түпкі мақсаты – тазалықты бір күндік науқан емес, күнделікті өмір салтына айналдыру. Өйткені туған өлкенің ажары мен қоршаған ортаның тазалығы әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, экологиялық акциялар қоғамдық орындарды ретке келтірумен қатар, азаматтардың табиғатқа деген жанашырлық көзқарасын қалыптастыруға да ықпал етеді.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жамбыл облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін өңірде 48,5 мың түп жасыл желек отырғызылып, 5,9 мың шақырым көше жолдары тазартылған. Сонымен қатар 1 210 шақырым арық жүйелері мен каналдар ретке келтіріліп, саябақтар мен скверлердің 804,8 мың шаршы метр аумағы абаттандырылған. Нәтижесінде 13 мың тоннадан астам күл-қоқыс шығарылған.
Тазалыққа үндеген әрбір бастама – туған жерге деген құрметтің көрінісі. Ал осындай ортақ іске жұмылған жұртшылықтың белсенділігі өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, келер ұрпаққа таза әрі көрікті өлке қалдыру жолындағы маңызды қадам болып қала береді.
#TazaChallenge @TazaQazaqstan
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









