11 қарашада Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапарымен Мұнайлы ауданына барып, тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері баяндалып, өзекті мәселелер талқыланды.
Жиында аудан әкімі Қанат Құлжанов биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған жобалар жөнінде баяндады.
Бүгінде Мұнайлы ауданының ресми халық саны 174 мыңға жуықтады. Ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, білім беру нысандарын көбейту және инженерлік-коммуникациялық желілерді жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Ауданда 18 медициналық нысан жұмыс істейді. Биыл медициналық ұйымдардың төсек-орын қоры 150-ден 215-ке дейін ұлғайды. Сонымен қатар травматологиялық пункт пен паллиативтік көмек көрсету бөлімі ашылып, МРТ және ФГДС аппараттары іске қосылды.
Білім беру саласында биыл жалпы 615 орынға арналған 9 жаңа балабақша пайдалануға берілді. Оның үшеуі Маңғыстау, үшеуі Қызылтөбе ауылдарында, қалғандары Атамекен, Басқұдық және Батыр ауылдарында ашылды. Маңғыстау және Дәулет ауылдарында әрқайсысы 1200 оқушыға арналған екі мектептің құрылысы басталды. Жаңа білім ошақтарын 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында биыл 10 мектептің 12 кабинетіне STEM және робототехника жабдықтары орнатылды.
Мәдениет саласында да бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Биыл Батыр ауылында кітапханасы бар 200 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Қазір ауданда 6 мәдениет мекемесі жұмыс істейді.
Аудандағы өзекті бағыттардың бірі - тұрғындарды үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта ауданға судың басым бөлігі «Каспий» су тұщыту зауытынан жеткізіледі. Сонымен қатар Басқұдық-2 аумағын ЦУВС-4, ал Баянды ауылын «Алека» мекемесі сумен қамтып отыр. Сумен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын арттыру үшін үш негізгі жоба қолға алынған.
«Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында Қызылтөбе, Басқұдық және Атамекен ауылдарында жалпы ұзындығы 86,8 шақырымды құрайтын 13 жол жобасы жүзеге асырылуда. Оның төртеуі аяқталса, алтауында құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.
Тұрғындардың қоғамдық көлікпен қатынау сапасын арттыру мақсатында биыл ауданішілік бағыттарға 14 жаңа автобус қосылды. Жыл соңына дейін №13А «Маңғыстау-Қызылтөбе-Дәулет» бағытына қатынайтын тағы екі автобусты жаңарту жоспарланған.
Көлік инфрақұрылымындағы маңызды жобалардың бірі - «Маңғыстау» теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылған жоба толық аяқталып, вокзал пайдалануға берілді. Нәтижесінде бұрынғы 764 шаршы метрлік вокзалдың орнына жалпы аумағы 9 мың шаршы метрге жуықтайтын үш қабатты заманауи кешен салынды.
Ауданда биыл 5 ірі инвестициялық жоба іске қосылды. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлердің қаражаты есебінен 445 балаға арналған 5 балабақша ашылды. Алдағы жылдары да бірқатар өндірістік жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың қатарында металл ұнтақтарын өндіретін зауыт, авиациялық және автомобиль отынын сақтайтын база бар.
Ауданның тазалық және абаттандыру жұмыстарын жетілдіру мақсатында «Таза Мұнайлы» кәсіпорнының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 13 жаңа арнайы техникамен толықты.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 26 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 40-қа жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында да бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Тұрғындардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында 609 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға жіберілді. Сондай-ақ 30 азаматқа жеке кәсіп ашу үшін мемлекеттік грант берілді.
Әлеуметтік салада жыл басынан бері 22 мың азаматқа әлеуметтік көмек көрсетілді. Мүгедектігі бар тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау мақсатында 14 автокөлікпен инватакси қызметі ұйымдастырылған.
Кездесу барысында аудан тұрғындары жолдардың сапасы, ауыз сумен қамту, білім беру және медицина салалары, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік нысандардың құрылысы мен инфрақұрылымдық мәселелер бойынша сауалдарын қойды.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тұрғындар көтерген әрбір мәселені жеке қарастырып, олардың заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті. Сонымен қатар жиында айтылған ұсыныстар мен өтініштерді назарға алып, тиісті облыстық басқармалар мен аудан әкімдігіне нақты тапсырмалар жүктеді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









