Анталья қаласында БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстанның Ұлттық павильонында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың Қырғыз Республикасының Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрі Ақыл Токтобаевпен екіжақты кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты экологиялық ынтымақтастықты дамыту, биоалуантүрлілікті сақтау, табиғи өрттердің алдын алу, сондай-ақ жасыл технологиялар мен өнеркәсіпті экологиялық жаңғырту салаларындағы бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Кездесудегі негізгі мәселелердің бірі қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді әзірлеу болды. Қазақстан тарапы 2021 жылдан бері екі елдің жүйелі өзара іс-қимылына негіз болатын осы құжатты жасасу қажеттігін қолдап келеді.
Әлібек Қуантыров ведомствоаралық жұмысты жандандыруды, екі ел сарапшыларының кездесуін өткізуді және келісімді әзірлеу бойынша алдағы қадамдарды келісуді ұсынды.
«Ведомствоаралық келісу процесін жеделдетіп, келісімге мүмкіндігінше тезірек қол қою маңызды деп санаймыз. Бұл біздің ынтымақтастығымызды нақты практикалық мазмұнмен толықтыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті министр.
Келіссөздер барысында қар барысының популяциясын сақтау және Орталық Азияның тау экожүйелерін қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар тараптар табиғи өрттердің алдын алу, оларды уақтылы анықтау және болжау бағытындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қарастырды. Қазақстан тарапы жыл сайынғы бірлескен оқу-жаттығуларды жалғастыруды және екі мемлекеттің бейінді қызметтері арасындағы ақпарат алмасуды күшейтуді ұсынды.
Кездесудің жеке тақырыбы өңірлік экологиялық бастамаларды дамыту болды. Әлібек Қуантыров Орталық Азияның өнеркәсіпті экологиялық жаңғырту саласындағы тәжірибе, технологиялар және сараптамалық шешімдер алмасуына мүмкіндік беретін Ең озық қолжетімді техникалар (ЕОҚТ) жөніндегі Орталық Азия бюросын құру перспективаларын таныстырды.
Қазақстанда қазіргі уақытта ЕОҚТ бойынша 24 анықтамалық бекітіліп, экономиканың 17 саласында 140 кешенді технологиялық аудит жүргізілді. Жинақталған тәжірибені өңірлік ынтымақтастықты дамытуға пайдалану ұсынылды.
Сондай-ақ Орталық Азияда экологиялық стартаптарды қолдауға және таза технологияларды енгізуге бағытталған Жасыл акселерацияның өңірлік хабын құру бастамасы талқыланды. Қазақстан ЮНИДО-мен бірлесіп, 2023 жылдан бері Global Cleantech Innovation Programme (GCIP) бағдарламасын іске асырып келеді. Бағдарлама аясында 100-ден астам қазақстандық стартап акселерациядан өтті.
Кездесу барысында Қырғызстан тарапы COP31 аясында қол қою жоспарланып отырған екі меморандум туралы хабардар етілді. 14 қарашада Жасыл акселерацияның өңірлік хабын дамыту жөніндегі құжатқа, ал 16 қарашада Ең озық қолжетімді техникалар жөніндегі Орталық Азия цифрлық платформасын құру туралы құжатқа қол қою жоспарланған.
Қазақстан осы бастамаларды іске асыруға Қырғызстанның қатысуына мүдделі екенін білдіріп, қоршаған ортаны қорғау және Орталық Азияның экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін растады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









