Қала әкімі көпір құрылысы жүріп жатқан аумақтың тұрғындарымен кездесті

    1 / 4

    Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков көпір құрылысы жүріп жатқан аумақтың тұрғындарымен кездесіп, олардың талап-тілектері мен ұсыныстарын тыңдады. Жиынға қарағандылық «MSU.CITY» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Мұрат Нұрғалимов те қатысты.

    Бұған дейін осы аумақ тұрғындары көпір құрылысына байланысты аталған ақпарат агенттігінің әлеуметтік желідегі парақшасында Мемлекет басшысына үндеу жолдап, өз алаңдаушылықтарын білдірген болатын. Тұрғындар құрылыс жұмыстарының өздеріне тигізетін әсеріне, үйлерінің жағдайына және күнделікті қатынау мүмкіндіктеріне қатысты мәселелерді көтерген еді. Осыған орай шаһар басшысы тұрғындармен арнайы жүздесіп, сауалдарына нақты жауап берді.

    Жиын барысында шаһар басшысы құрылыс жұмыстарының барысы мен жобаның негізгі мақсатын түсіндірді. Сонымен қатар ақпарат кеңістігінде жарияланатын кез келген мәліметтің жан-жақты әрі объективті болғаны маңызды екенін атап өтті. Яғни, қандай да бір мәселе бойынша ақпарат таратпас бұрын міндетті түрде екі тараптың да пікірін тыңдап, жағдайдың толық мән-жайына көз жеткізу қажет. Өйткені біржақты ақпарат қоғамда түсінбеушілік туғызып, мәселенің шынайы сипатын ашуға кедергі келтіруі мүмкін. Осы ретте қала әкімі тұрғындардың да, жауапты мекемелердің де ұстанымын ескеріп, мәселені байыппен қарастыру қажеттігін жеткізді.

    Сонымен қатар Бақытжан Әмірбекұлы көпір құрылысының қала үшін стратегиялық маңызына тоқталып, жобаның заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Бұған дейін көпір салу мақсатында мемлекет мұқтажы үшін осы аумақтағы 62 нысан сатып алынған. Ал қалған 22 нысанға қатысты ешқандай қажеттілік болмағандықтан, оларды сатып алу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ.

    Қала әкімі құрылыс барысында тұрғындардың қауіпсіздігі ең басты назарда болатынын айтты. Аумақта азаматтардың кедергісіз қатынауы үшін арнайы жаяу жүргіншілер жолы салынып, құрылыс аяқталған соң жұмыс жүргізілген жерлер толық қалпына келтіріледі. Сондай-ақ қауіпсіздік талаптарының сақталуы мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуы тиісті мекемелердің ұдайы бақылауында болады.

    Жалпы, Тараз қаласының аумағы кеңейіп, халық санының өсуі көлік инфрақұрылымын жаңғыртуды талап етеді. Әсіресе теміржол өткелдеріндегі көлік қозғалысын оңтайландыру, жол жүктемесін азайту және қаланың әр бөлігін өзара байланыстыру – өзекті міндеттердің бірі.

    Осыған орай былтыр Абай даңғылының теміржол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны – 16,9 миллиард теңге. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін көлік қозғалысының өткізу қабілеті артып, жолдағы жүктеме азаяды. Сонымен қатар тұрғындардың қатынауы жеңілдеп, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіздік деңгейі жоғарылайды.

    Бұл жоба – шаһардың көлік жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастама. Дегенмен оның тиімді жүзеге асуы үшін құрылыс жұмыстарының сапасымен қатар, сол аумақта тұратын азаматтардың мүддесі де ескерілуі қажет екені белгілі. Сондықтан тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, олардың өтініштері мен ұсыныстарын назарда ұстау жұмыстары жалғаса бермек.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Тараз қаласының әкімдігі" жаңалықтары