Берн, 20 қазан– 20–23 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Асет Махамбетов бастаған Агенттік пен ҚР Ұлттық ядролық орталығының делегациясы Швейцарияға жұмыс сапарымен келді.Сапар аясында бейінді мемлекеттік органдармен, ғылыми және салалық ұйымдармен кездесулер өткізу, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу инфрақұрылымының негізгі нысандарына бару жоспарланған.
Сапардың бірінші күні Бернде делегация Швейцария Федералдық энергетика басқармасының директоры Бенуа Ревамен кездесті. Тараптар атом энергетикасын дамыту перспективаларын және Қазақстанда АЭС салу жоспарларын талқылады. Делегация саланы мемлекеттік реттеу және радиоактивті қалдықтардың терең геологиялық қоймасына алаң таңдау жөніндегі швейцариялық тәжірибемен танысты.
Тараптар шарттық-құқықтық базаны нығайту, кадрлар даярлау, мамандар алмасу, бірлескен зерттеулер жүргізу және ғылыми орталықтар арасындағы байланыстарды дамыту арқылы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілігін растады.
Швейцарияның Радиоактивті қалдықтарды көму жөніндегі ұлттық кооперативімен (NAGRA) кездесуде қалдықтармен жұмыс істеу және оларды ұзақ мерзімді қауіпсіз оқшаулау тәжірибесі талқыланды. Швейцария тарапы озық технологиялық және ұйымдастырушылық шешімдерді зерделеу тұрғысынан қызығушылық тудыратын терең геологиялық қойма жобасының дайындық барысын таныстырды.
Әлемдегі жетекші қайта сақтандыру компанияларының бірі Swiss Re-мен кездесуде ядролық жауапкершілікті сақтандырудың халықаралық тәжірибесі, ұлттық сақтандыру пулдарының тетіктері және ірі инфрақұрылымдық жобалардағы тәуекелдерді бағалау мен басқару тәсілдері қарастырылды. Компанияның Қазақстандағы атом энергетикасы және сабақтас салалар жобаларына ықтимал қатысу перспективалары да талқыланды.
Сапар барысында делегация Grimsel Test Site жерасты зерттеу зертханасына барып, Zwilag радиоактивті қалдықтарды уақытша сақтаудың орталық қоймасы мен Пауль Шеррер институтының (PSI) жұмысымен танысады.






