Қазақстан Швейцариядағы институционалдық өкілдігін кеңейтуде

    1 / 6

    Лугано, 2026 жылғы 25 қараша – Лугано қаласында Қазақстан Республикасының Швейцариядағы Құрметті консулдығының ресми ашылу рәсімі өтті. Құрметті консул болып 2021 жылдан бері Лугано қалалық әкімшілігінің құрамына кіретін белгілі швейцариялық саясаткер Филиппо Ломбарди тағайындалды. Бұған дейін ол жиырма жыл бойы Швейцария Федералдық жиналысының жоғарғы палатасында Тичино кантонының атынан өкілдік етіп, 2012-2013 жылдары оның төрағасы қызметін атқарған. Рәсім барысында Қазақстан Елшісі Қайрат Саржанов Ф. Ломбардиге консулдық патентті табыстады.

    Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орайластырылған іс-шараға Тичино кантоны үкіметінің мүшесі Норман Гобби, Лугано қаласының мэрі Микеле Фолетти, кантондық және қалалық билік органдарының басқа да өкілетті тұлғалар ы, консулдық корпустың, іскер топтардың, сондай-ақ қазақ қауымдастығы ның өкілдері қатысты.

    Елші құттықтау сөзінде Қазақстан мен Швейцарияны жылдар бойы достық пен өзара құрмет байланыстары біріктіретінін атап өтті. Құрметті консулдықтың ашылуы екіжақты қатынастарды дамытуға және өңірлік деңгейдегі байланыстарды кеңейтуге қосымша серпін береді. Ол Қазақстан мен Швейцарияның парламентаралық достық тобының үйлестірушісі Ф. Ломбардидің жоғары беделін және әріптестік байланыстарды нығайтуға қосқан жеке үлесін атап өтті.

    Қ. Саржанов Президент Қ. К. Тоқаевтың жуырдағы Жолдауының негізгі тұстарына арнайы тоқталып, онда айқындалған өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту және инфрақұрылымды жаңғырту басымдықтары швейцариялық әріптестермен ынтымақтастықты дамытуға, соның ішінде қолданыстағы ынтымақтастық туралы меморандумдар аясында Тичино кантоны мен Лугано қаласының Алматы облысы және Алматы қаласымен өңіраралық байланыстарын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

    Өз кезегінде Ф. Ломбарди Қазақстан Үкіметіне көрсетілген сенім үшін алғыс білдіріп, Қазақстанның Швейцарияның Еуразиядағы сенімді әріптесі ретіндегі маңызын атап өтті. Ол екіжақты және өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ Швейцарияның итальян және француз тілді барлық кантондарын қамтитын өз консулдық округінде Қазақстанның мүдделерін ілгерілетуге жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

    Н. Гобби Тичино кантонының Қазақстан өңірлерімен тікелей байланыстарды дамытуға мүдделі екенін атап өтіп, Құрметті консулдың жәрдемімен туризм, мәдениет, білім беру, цифрлық технологиялар салаларында және басқа да перспективалы бағыттар бойынша өзара іс-қимылдың кеңейетініне сенім білдірді.

    М. Фолетти Луганода Құрметті консулдықтың ашылуын құптап, бұл оқиғаның қаланың халықаралық диалог пен іскерлік байланыстарды дамытуға арналған маңызды алаң ретіндегі мәртебесін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Осы орайда ол ағымдағы жылғы 3–4 желтоқсанда Луганода өтетін, Швейцарияның Ұйымға төрағалығы аясындағы маңызды оқиға болатын ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 33-ші отырысын атап өтті.

    Анықтама: Қазақстан мен Швейцария дипломатиялық қатынастарды 1992 жылғы 1 маусымда орнатты. Швейцария Қазақстан экономикасына инвестиция салатын ең ірі шетелдік инвесторлардың қатарына кіреді. Соңғы 20 жылда швейцариялық инвестициялардың жиынтық көлемі шамамен 37 млрд АҚШ долларын құрады. Екі ел арасындағы жыл сайынғы тауар айналымы шамамен 1,5 млрд АҚШ долларын құрайды. Қазақстанда швейцариялық капиталдың қатысуымен 400-ге жуық компания жұмыс істейді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы және Лихтенштейн Князьдігіндегі Елшілігі" жаңалықтары