Вена, 2026 жылғы 23-25 қараша– Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму ұйымы (ЮНИДО) Өнеркәсіптік даму жөніндегі кеңесінің 54-сессиясына, сондай-ақ Ұйымның құрылғанына 60 жыл толуына орай өткізілген жоғары деңгейдегі іс-шараларға қатысты.
Қазақстанның ұлттық мәлімдемесінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты негізгі ережелері таныстырылды. Инфрақұрылымды жаңғырту отандық өнеркәсіптік өндірісті, оның ішінде құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын және инженерлік жабдықтарды өндіруді ынталандырудың маңызды факторларының бірі ретінде айрықша атап өтілді.
Қазақстанның өнеркәсіптік саясатының негізгі басымдықтары қатарында экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімділігін арттыру және отандық өнімнің қосылған құнын ұлғайту мәселелері белгіленді. Осыған байланысты ЮНИДО-мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін энергиялық тиімді құрылыс материалдарын өндіруді дамыту, өнімді сынау және сертификаттау жүйелерін жетілдіру, сондай-ақ құрылыс саласына арналған цифрлық технологиялар бағытында білікті мамандар даярлау сияқты бағыттардың әлеуеті жоғары екені атап өтілді.
Қазақстан тарапы Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында өнеркәсіпті декарбонизациялау мәселелеріне арналған тақырыптық сессияны ұйымдастырғаны үшін ЮНИДО-ға ризашылығын білдіріп, орнықты өнеркәсіптік дамуға бағытталған бастамаларды одан әрі ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ Таза технологиялар саласындағы инновациялар жөніндегі жаһандық бағдарламаға (GCIP) ерекше назар аударылды. Аталған бағдарлама отандық кәсіпкерлікті дамытуға және энергия тиімділігі, су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қалдықтарды азайту салаларындағы инновациялық шешімдерді коммерцияландыруға жәрдемдеседі. Қазақстанның осы бағдарламаға қатысуы жасыл технологияларды дамыту және озық өнеркәсіптік шешімдерді енгізу үшін қолайлы экожүйені қалыптастыруға ықпал етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








