Вена, 2026 жылғы 18 қараша—Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ермек Көшербаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму ұйымының (БҰҰ ӨДҰ) Бас директоры Герд Мюллерге сенім грамоталарын тапсырды.
Кездесу барысында Ермек Көшербаев Герд Мюллерді Ұйымның 60 жылдығымен құттықтап, 2026 жылы Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммитті өткізуге қосқан үлесі, соның ішінде өнеркәсіпті декарбонизациялау жөніндегі тақырыптық сессияны ұйымдастырғаны үшін БҰҰ ӨДҰ-ға алғыс білдірді.
Тұрақты өкіл Бас директорды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басымдықтармен таныстырды. Мемлекет басшысының 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау туралы ұсынысына ерекше назар аударылды.
Тараптар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен БҰҰ ӨДҰ арасындағы ынтымақтастық туралы базалық келісім жасасу перспективаларын және Алматыда БҰҰ ӨДҰ-ның Орталық Азияға арналған өңірлік кеңсесін ашу мүмкіндігін қарастырды.
Кездесу соңында тараптар БҰҰ ӨДҰ-ның сараптамалық қолдауымен бірлескен жобаларды әзірлеуге мүдделілік білдірді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









