Венада Қазақстан-Аустрия іскерлік кеңесінің 11-ші отырысы өтті

    1 / 3

    Вена, 2026 жылғы 19 қараша– Венада Халықаралық машина жасау форумының аясында Қазақстан-Аустрия іскерлік кеңесінің 11-ші отырысы өтті.

    Қазақстанның Аустриядағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға өнеркәсіп, электр техникасы және көлік-логистика салаларында қызмет атқаратын қазақстандық компаниялардың өкілдері қатысты.

    Отырысты ашқан Аустрия Экономикалық палатасының вице-президенті Вольфганг Хесун Қазақстан мен Аустрия арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың оң динамикасын атап өтіп, олардың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

    Қазақстан Машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы, Іскерлік кеңестің тең төрағасы Мейрам Пішембаев өндірісті жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу мәселелері бойынша екі ел мамандары арасында тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды.

    Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Ермек Көшербаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен цифрландыру, инвестиция тарту және инвестицияларды қорғау салаларында жүзеге асырылып жатқан реформаларды атап өтіп, аустриялық компанияларды Қазақстанның перспективалы нарығына белсенді түрде инвестиция салуға шақырды.

    Форум аясында «Қазақстан – Орталық Азияға жол ашатын қақпа» атты арнайы сессия өтті. Оның барысында қатысушылар өнеркәсіпті жаңғырту, жаңартылатын энергетиканы дамыту және экологиялық технологияларды енгізу мәселелері бойынша баяндамалар жасады. Қазақстанда өндіріс орындарын орналастырып, кейіннен көршілес елдердің нарықтарына шығу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапынан шетелдік инвесторларды қолдау мақсатында «Бәйтерек» холдингі мен Өнеркәсіпті дамыту қоры ұсынатын құралдар да таныстырылды.

    Отырыс қорытындысы бойынша «Атамекен» ҰКП Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Қазақстан-Аустрия өзара байланыс платформасы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

    2012 жылы құрылған Іскерлік кеңес екі елдің бизнес өкілдерін тұрақты түрде біріктіріп, өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстан мен Аустрия арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Елшілігі және Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілдігі" жаңалықтары