Қазақстан мен АЭХА бейбіт атом саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

    Вена, 2026 жылғы 17 қараша– Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ермек Көшербаев Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің (АЭХА) Бас директоры Рафаэль Гроссиге сенім грамотасын тапсырды.

    Кездесу барысында Рафаэль Гросси ағымдағы жылдың мамыр айында Қазақстанға жасаған сапарының қорытындыларына оң баға беріп, әріптестіктің дәйекті түрде дамып, негізгі бағыттар бойынша өзара іс-қимылдың кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Соның ішінде атом энергетикасы мен ядролық медицинаны дамыту, ядролық технологияларды практикалық тұрғыдан қолдану, сондай-ақ қазақстандық бейінді мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

    Өз кезегінде, Ермек Көшербаев атом энергетикасын дамыту Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар ол АЭХА қызметіне белсенді қатысу Астананың маңызды сыртқы саяси басымдықтарының қатарында қала беретінін, әсіресе бұл мәселенің республикада атом электр станцияларын салу жөніндегі жоспарларды іске асыру аясында айрықша маңызға ие екенін жеткізді.

    Тұрақты өкіл Агенттіктің Қазақстанға көрсетіп отырған жан-жақты сараптамалық және консультациялық қолдауы үшін алғысын білдіріп, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы барлық басым бағыттар бойынша АЭХА-мен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

    Кездесу соңында тараптар сындарлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге, сондай-ақ ядролық қауіпсіздіктің халықаралық режимін нығайтуға мүдделіліктерін танытты.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Елшілігі және Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілдігі" жаңалықтары