1 / 9
КЕНТАУЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР «AGROFEST TURKISTAN – 2026» ФЕСТИВАЛІНДЕ МАРАПАТТАЛДЫ
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «AGROFEST TURKISTAN – 2026» фестивалі өтті.
Ауқымды шара барысында өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуеті таныстырылып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі мен жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Көрмеге Кентау қаласының кәсіпкерлері де қатысып, өздері өндірген өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, сала еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкерлері мен озық шаруашылықтар марапатталды.
Мерекелік шарада қала тұрғыны “Қазанат” шаруақожалығының иесі Жасұлан Қожатов “Үздік жылқышы” және Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы «Абдашим» шаруа қожалығы «Ең үздік жылыжай» номинациясы бойынша марапатқа ие болды. Бұл – жергілікті шаруалардың табанды еңбегі мен ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесінің лайықты бағасы.
Айта кетейік, Кентау қаласында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. 2026 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 14,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 8,9 млрд теңге, мал шаруашылығы – 5,2 млрд теңге.
Сондай-ақ салаға тартылған инвестиция көлемі 3,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда едәуір өсті. Биыл қала бойынша 2500 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









