1 / 6
КЕНТАУДАҒЫ ІРІ ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚЫРЫҚҚАБАТ ӨНІМІН ӨСІРУДЕ
Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікке тың серпін беруде. Соның бірі – «Абдашим» шаруа қожалығы.
Кәсібін шағын үй іргелік диқаншылықтан бастаған шаруа иесі бүгінде бір гектар аумақта заманауи үлгідегі жылыжай шаруашылығын жолға қойған. Кореялық технология негізінде салынған жылыжайда жылына екі рет өнім алынады. Көктем мезгілінде қызанақ пен қияр өсірілсе, күзгі маусымда қырыққабат егіледі.
Шаруа қожалығының иесінің айтуынша, қазіргі таңда жылыжайда тұрақты түрде 10-ға жуық жұмысшы еңбек етеді. Ал өнім жинау науқаны кезінде қосымша жұмыс күші тартылады.
«Жылыжай өнімдеріне сұраныс жоғары. Қазір қырыққабаттың күзгі өнімі өсіп-жетілді. Желтоқсан айында өнімді жинауды жоспарлап отырмыз. Бір гектар жерден шамамен 20-25 тонна қырыққабат аламыз. Жиналған өнімді Кентау және Түркістан қалаларына жөнелтеміз. Кейде сұраныстың жоғары болуына байланысты өнім жергілікті нарықтан артылмай қалады», – дейді кәсіп иесі.
Сонымен қатар кәсіп иесі өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында қосымша 3 гектар жерге жылыжай салу жұмыстарын қолға алған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









