V Азия Пара ойындарының алтыншы жарыс күнінде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары пара садақ ату, пара үстел теннисі, пара велоспорт, пара жүзу, бочча, пара жеңіл атлетика және волейболды отырып ойнау бойынша бақ сынады. Күн қорытындысында қазақстандық спортшылар ел қоржынына 5 медаль қосты. Осылайша, Қазақстан құрамасының жалпы жүлде саны 42 медальға жетті. Оның ішінде 10 алтын, 13 күміс және 19 қола бар.
Волейболды отырып ойнаудан Қазақстан командасы Азия Пара ойындарының финалына шықты!
22 қазанда өткен жартылай финалдық кездесуде Қазақстан құрамасы Ирак командасын 3:2 есебімен жеңді. Тартысты өткен кездесудің алғашқы екі сетінде Ирак құрамасы 27:25 және 25:21 есебімен басым түсті. Алайда қазақстандық волейболшылар ойын барысын өзгертіп, келесі үш сетте 25:13, 25:15 және 15:8 есебімен жеңіске жетті. Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы Тайланд командасын жеңіп, Иран құрамасына 0:3 есебімен есе жіберген болатын. Енді Қазақстан құрамасы Азия Пара ойындарының алтын медалі үшін таласады.
Нұршат Төлеуқасым Азия Пара ойындарында пара садақ атудан қола медаль жеңіп алды
Ерлер арасындағы W1 класында өткен қола медаль үшін кездесуде отандасымыз Тайланд спортшысы Супхават Самутчайкиджді 6:2 есебімен жеңді. Кездесудің төрт сеті 26:24, 23:22, 23:26 және 26:23 есебімен аяқталды. Айта кетейік, бұған дейін Нұршат Төлеуқасым ширек финалда Оңтүстік Корея спортшысын 7:3 есебімен жеңіп, жартылай финалда Қытай өкіліне 0:6 есебімен есе жіберген болатын.
Пара жеңіл атлетика: Дастан Мукашбеков күміс, Иван Залезняк қола медаль жеңіп алды
Ерлер арасында F36 класында ядро итеруден Дастан Мукашбеков 15.47 метр нәтижесімен күміс медаль иеленсе, Иван Залезняк 12.71 метр нәтижесімен қола жүлдеге қол жеткізді. Ал Мұқан Айтмырзаев F55 спорттық класында 9.74 нәтижесін көрсетіп, жарысты алтыншы орынмен аяқтады. Ал әйелдер арасында F57 класында ядро итеруден Асем Жанадилова 7.71 нәтижесін тіркеп, тоғызыншы орынға тұрақтады.
Қазақстан құрамасы пара жүзуден 4×50 метрге еркін стильдегі аралас эстафетада (20 ұпай) күміс медаль жеңіп алды.
Ұлттық құрама сапында Сиязбек Далиев, Наталья Звягинцева, Айсұлтан Кулкаев және Зульфия Габидуллина өнер көрсетті. Финалдық бәсекеде қазақстандық спортшылар 2 минут 48,99 секунд нәтиже көрсетіп, екінші орынға ие болды. Жарыста 2 минут 25,22 секунд нәтижемен Қытай құрамасы жеңіске жетіп, Азия Пара ойындарының жаңа рекордын орнатты. 2 минут 54,64 секунд көрсеткішпен Таиланд құрамасы қола жүлдені еншіледі.
Ал SB7 класында Сәулет Рахманберді 100 метрге брасс әдісімен жүзуде 1:36.71 нәтижесін көрсетіп, төртінші орынға ие болды. S13 класында Виктор Волков 50 метрге еркін стильде жүзуде 26,21 секунд нәтижесімен төрттіктен көрінді. SB9 класында Сергей Кинах 100 метрге брасс әдісімен жүзуде 1:23.04 уақыт көрсеткішімен жетінші орында. S8 класында отандасымыз Алина Дубинина 100 метрге шалқалап жүзуде 1:38.34 нәтижесін көрсетіп, жетінші орынға ие болды. S11 класында Роман Потапов 50 метрге еркін стильде жүзуде 28,23 секунд нәтижесімен бесінші, ал Нұрдәулет Дюссенбаев 29,64 секунд нәтижесімен сегізінші орынға ие болды. S10 класында Диас Кенжебек 50 метрге еркін стильде жүзуде 26,66 секундты тіркеп, төртінші болып жетті. Әйелдер арасында S6 класында 100 метрге шалқалап жүзу сайысында Наталья Звягинцева 1:34.04 нәтижесін көрсетіп, төртінші орынға ие болды. Ал Зарина Мурзагалиева 2:07.07 уақыт көрсеткішімен жарысты бесінші орынмен аяқтады. Ерлер арасында S7 класында 100 метрге арқамен жүзу сайысында Сәулет Рахманберді 1:33.64 нәтижесін көрсетіп, сегізінші орында. Айта кетейік, пара жүзуден ел құрамасының қоржынында 1 алтын, 5 күміс және 3 қола медаль бар.
Пара үстел теннисінен Марат Суртубаев пенАлтынай Ержанқызыаралас жұптық сайыстың қола жүлдегерлері.
Марат Суртубаев пен Алтынай Ержанқызы XD20 класындағы аралас жұптық сында өнер көрсетіп, жартылай финалға дейін жетті. Қазақстандық жұп жартылай финалда Гонконг өкілдері Лам Ян Ю мен Вонг Хон Ламға қарсы кездесті. Тартысты өткен матчта қарсыластар 3:0 (11:7, 11:4, 11:8) есебімен басым түсті. Нәтижесінде қазақстандық спортшылар V Азия Пара ойындарының қола жүлдегерлері атанды. Бұған дейін топтық кезеңде олар Индонезия құрамасын 3:1, Жапония командасын 3:2 есебімен жеңіп, Қытай құрамасына 1:3 есебімен жол берген болатын.
Ерлер арасындағы жұптық сайыста MD18 класында Талғат Ерекеев пен Марат Суртубаев алдымен Тайланд спортшыларын 3:0 есебімен жеңсе, кейін Ирак өкілдерінен 3:1 есебімен басым түсті. Енді олар жартылай финалдық жарыста Жапония өкілдері Хаяма Абэ мен Койо Ивабучиге қарсы ойнайтын болады.
MD14 класында Азамат Оразбек пен Игорь Худяков Солтүстік Корея спортшыларына 0:3 есебімен жол берді. Әйелдер арасындағы жұптық матчта Аружан Ғиниятова мен Раушан Орынбаева Оңтүстік Корея өкілдері Ким Сонгок пен Ян Бок Сунға есе жіберді. WD20 класында Алтынай Ержанқызы мен Балзия Таш Филиппин спортшылары Ихей Мангинсай мен Джона Пеньяға жол берді.
Бочча
Аралас командалар арасындағы BC1/BC2 класында Қазақстан құрамасы Қытай спортшыларына есе жіберді. Ал BC4 класындағы аралас жұптар арасындағы сайыста қазақстандық спортшылар Қытай құрамасына жол берді. BC1/BC2 класындағы аралас командалар арасындағы сайыста Оңтүстік Корея командасы басым болды. BC4 класындағы аралас жұптық сайыста Қазақстан құрамасы Тайланд командасына 2:5 есебімен жеңілді.
Пара велоспорт
Ерлер арасында H1-H3 класы бойынша өткен тасжолдағы жарыста қазақстандық спортшы Берік Қартбаев бақ сынады. Өкінішке қарай, отандасымыз бұл сайыста жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Жарыс қорытындысы бойынша Тайланд спортшысы Аекрави Кхамянг алтын медаль жеңіп алды. Жапония өкілі Ёситака Танака күміс жүлдегер атанса, Оңтүстік Корея спортшысы Ким Ён Ки қола медальға қол жеткізді.





